ҚБТУ студенті Космостанция маңында із-түзсіз жоғалып кетті: Оны таба алмай жатқанына алтыншы күн болды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Қазақстан-Британ техникалық университетінің 18 жастағы студенті Нұрислам Ақылбеков 2 шілде күні тауға кетіп, оралмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, Нұрислам Шымкент тумасы. Биыл Алматыға қоныс аударып, Қазақстан-Британ техникалық университетіне оқуға түскен. Туыстарының айтуынша, 2 шілде күні Нұрислам тауға бет алған. Ол достарына жалғыз емес, қасында бір танысы бар екенін айтқан. Алайда ол серігінің аты-жөнін нақтыламаған, сол себепті ол адам туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Бірнеше күн бойы Нұрисламнан хабар болмаған соң, туыстары дабыл қағып, полицияға жүгінді.
"Жігіт 2 шілде күні сағат 15:02-де Алма-Арасанды кесіп өткен. Оның ұялы телефоны 4 шілде күні сағат 21:59-да Тянь-Шань биік таулы ғылыми станциясы (Космостанция ауданы) маңында өшіп қалған", – деп мәлімдеді төтенше жағдайлар министрлігі.
Жоғалған студентті іздестіру жұмыстары алтыншы күн қатарынан жүргізіліп жатыр. 6 шілдеде іздеуге полициядан ақпарат алған төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қосылған.
Құтқарушылар үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр:
• Космостанциядан Үлкен Алматы көліне (БАО) қарай: жотаның оң және сол жағын шолу;
• Алма-Арасан мен Аюсайға түсетін беткейлерді тексеру;
• Космостанциядан шекара бекетіне дейінгі оң және сол жақ беткейлерді шолу.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар министрлігінің әуе күштері, Республикалық жедел-құтқару жасағы, Алматы қалалық ТЖД, 109 жедел әрекет ету қызметі, шекара қызметі, полиция және еріктілерден құралған 44 адам тартылған. Сонымен қатар сегіз арнайы техника, төрт иісшіл итпен жасақталған кинологиялық топ және үш ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
"7 шілде күні сағат 13:50-де ТЖМ-нің Ми-8 тікұшағы іздеуге шықты. Экипаж құрамында төрт адам", – деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде Алматы ТЖД жедел штабы орналасқан таулы аймақта Нұрисламның ағасы мен тағы тоғыз туысы еріктілер және құтқарушылармен бірге іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Туыстары қазақстандықтардан қандай да бір ақпарат білсе, хабарласуын сұрайды.
Былтыр күзде жоғалып кеткен Яна Легкодимованың денесі табылды
Еске салайық, бұған дейін 63 жыл бұрын жоғалған әйел аман-есен табылғанын жаздық. Одри Бэкберг 1962 жылы, 20 жасында, тұрмыстық зорлықтан қашып, үйінен өз еркімен кетіп қалған. Жалақысын алып, бала күтушісімен бірге сапарға шыққан, кейін жалғыз кетіп, басқа штатта жаңа өмір бастаған. Полиция оны 60 жылдан кейін генеалогиялық сайт арқылы тапты. Қазір ол 82 жаста және өз шешіміне өкінбейді.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
