Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ҚазМұнайГаз" Жаңаөзенде ереуілге шыққан қызметкерлерді жұмысқа шығуға шақырды

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерімен кездесіп, оларды жұмысқа шығуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: t.me/kmgpress

 

2024 жылы 12 қарашада "Өзенмұнайгаз" АҚ-ға қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерінің кәсіподағы рұқсатсыз акция ұйымдастырып, бірқатар талап қойғаны белгілі. Өзенмұнайгаз басшылығы Бұрғылау жұмыстары басқармасы жұмысшыларымен тұрақты түрде келіссөз жүргізіп келеді.

Сондай-ақ 2024 жылы 3 желтоқсанда "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерімен кездесіп, оларды жұмысқа шығуға шақырды. Келіссөз қорытындысы бойынша хаттама жасалды:

 

  • Рұқсатсыз акцияға қатысқан БЖБ қызметкерлері толық құрамда жұмысқа шығуы керек;
  • Хаттаманың бірінші тармағы орындалған жағдайда, жұмысшыларға “ҚазМұнайГаз" және "Өзенмұнайгаз" тарапынан тәртіптік жаза қолданылмайды;
  • Барлық қойылған талап ҚР заңнамасына сәйкес бітімгерлік комиссия отырысында қаралсын.

Хаттама рұқсатсыз акцияға шыққан жұмысшылардың назарына жеткізілді. Алайда, "Өзенмұнайгаз" Бұрғылау жұмыстары басқармасы кәсіподақ төрағасы оған қол қоюдан бас тартты. 

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ осыған дейін әр талап бойынша толық түсініктеме берген еді. Мысалы, "Өзенмұнайгаз" зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады. Алгоритмге сәйкес, "Өзенмұнайгаз" зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады.



“Сондай-ақ “ҚазМұнайГаз” компаниясы "Өзенмұнайгаз" қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат берді. "Өзенмұнайгаз" мен үш кәсіподақ арасындағы ұжымдық шарт 2024 жылы 25 сәуірде жасалды. Ұжымдық шартқа сәйкес, "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға 44 млрд теңге қарастырылған, соның 5 млрд теңгесі (11%) компанияның Бұрғылау жұмыстары басқармасына арналған. "Өзенмұнайгазда" жақсы еңбек жағдайы жасалған деп есептейміз, әрбір қызметкерді әлеуметтік қолдауға жыл сайын 3,8 млн теңге бөлінеді”, – делінген хабарламада.

Осылайша, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ  Бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшыларын жұмысқа шығуға және келіссөзді бітімгерлік комиссия аясында жүргізуге шақырды.

 

Бұған дейін "Өзенмұнайгаз" басшысы ереуілге шыққан жұмысшыны ұрып-соғатынын айтып, қорқытқан видеосы тараған еді. 

Талқылау