Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Деңгейіміз осындай”: Еркін Тапалов "Брюггеден" жеңілуін ойын ырғағының болмауымен байланыстырды

футболФото:”Қайрат” фк

Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасындағы өз алаңындағы соңғы ойынында бельгиялық "Брюггеден" 1:4 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осы матчтан кейін "Қайраттың" тәжірибелі ойыншысы Еркін Тапалов жеңілістің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, команда қазір ойын ырғағын жоғалтып алған.

"Қазір бізде ойын ырғағы жоқ. Чемпионаттың аяқталғанына екі айдан астам уақыт өтті. Қазіргі деңгейіміздің осындай екенін мойындау керек", – деді Тапалов Asnews.kz сайтына берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол бұл матч күзде, Қайраттың өз стадионында өткенде жағдай мүлде басқаша өрбуі мүмкін екенін атап өтті.

“Иә, егер бұл ойын қазан немесе қараша айларында өткенде, мүлдем басқаша болар еді. Өз стадионымыз, өз жанкүйерлеріміз, ең бастысы тонуста болатын едік. Қазір жұмысымызды жалғастырып, "Арсеналмен" болатын матчқа дайындаламыз. Иә, бұл кездесу ештеңе шешпейді, бірақ біз жақсы ойын көрсетуге тиіспіз. Уақыт бар, Лондонда болатын ойынға тыңғылықты дайындаламыз", – деді футболшы.

Айта кетейік, “Қайрат” “Брюггеден” 4:1 есебімен ойсырай жеңілді. “Қайрат” сапынан жалғыз голды Әділет Садыбеков соқты. Айтулы матчқа Дастан Сәтпаев қатысқан жоқ. Ол алдағы 29 қаңтарда “Арсеналмен” өтетін ойында да алаңға шықпауы мүмкін.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 12:06