Қазынашылық комитет екі жылда 124 миллиард теңге бюджет шығынына жол берген
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жоғары аудиторлық палатаның отырысында қаржы министрлігі қазынашылық комитеті қызметінің мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталықтандырылған қазынашылық жүйесі бастапқыда республикалық бюджетті тиімді басқару үшін құрылды. Кейін оның функциясына жергілікті бюджет, ұлттық қор, жәбірленушілерге өтемақы, сондай-ақ орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу саласы кірді.
Онда қазынашылық жұмыс сапасын төмендететін бюджет қаражатын басқару және төлемдерді жүргізуде жүйелі кемшіліктер анықталды.
“Қазынашылық комитеті 2021-2023 жылдары эмиссиялық бағалы қағаздарды жоспарланған көлемнен артық шығарған. Ал республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат қалдығының болжамы оң болған. Бұл 124 млрд теңгеден астам бюджет шығындарына әкелді”, – делінген хабарламада.
Смайылов қазынашылық органдары мемлекеттік мекемелердің шоттарынан төленетін негізсіз және заңсыз төлемдерге қарсы болуға тиіс екенін атап өтті.
“Қазынашылық органдарының бақылауы құжаттың бар-жоғы тұрғысынан ғана жүргізіледі. Оның заңнамада белгіленген нысанға сәйкестігі, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалауларды растау туралы белгінің бар-жоғы тексерілмейді. Мысалы Алматының қазынашылық департаменті әкімшілік ғимараттардың бірін реконструкциялау шеңберінде 2,5 млрд теңгеге орындалған жұмыстардың құны туралы сол бір анықтама бойынша жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге екі рет төлем жүргізген. Мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталанған”, – делінген хабарламада.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы аванстық төлемдерге байланысты мәселелерге назар аударды. Мәселен, аумақтық қазынашылық органдары бюджет заңнамасының нормаларын бұза отырып, өткен жылдардағы аванстың өтелмеген сомасы бола тұра, сондай-ақ бұрын төленген аванстарды пропорционалды ұстап қалмай, жаңа аванстарды төлеуге берілген шоттарды орындаған.
Әлихан Смайылов бюджет заңнамасының талаптарын бұзатын төлемдерді жүргізу мүмкіндігін автоматты түрде бұғаттау үшін орталық қазынашылық аппараты қолданыстағы ақпараттық жүйені пысықтауы қажет екенін атап өтті.
Жобаларды қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде қосалқы мердігерлер үшін мемлекеттік сатып алу шоттарын ашу мемлекеттік кірістер органдары жүргізген тәуекелдерді талдау нәтижелерін үнемі ескере бермейді.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шоттарынан төлемдерді ақшаны түпкілікті алушылардың банк шоттарына аударуды аумақтық қазынашылық органдары олардың тауарларды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметтерді өндіруші мәртебесін растамай жүзеге асырған.
Бейінді мемлекеттік органдар да қазынашылық сүйемелдеуді енгізу мақсаттарына қол жеткізуге мониторинг пен талдау жүргізбейді.
Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша 70 рәсімдік бұзушылық және 15 жүйелі кемшілік анықталды.
бюджеттің шығыны 124 млрд теңгеден асты.
Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған кемшілік пен заңбұзушылықты жою үшін тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар берді.