Қазақтың үш асыл ұлы бір әйелге ғашық болған
Фатима Ғабитқызы Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовтің жары болған әйел.
Бұл туралв Kazakh-tv.kz арнасы хабарлайды.
Фатима Ғабитқызы ұлты татар болғанмен, 17 жасында қазақтың жас ағартушысы, ақын, педагог, драматург, журналист Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығады. Біләлден Жәнібек, Фарида, Азат есімді үш бала сүйеді.
Біләл Сүлеев бұл кездері Жетісу өңірінде қазақ балалары үшін мектеп интернаттар ашуға атсалысып жүрген. 1928 жылы Ораз Жандосов екеуі алғашқы қазақ университетінің негізін қалады. Біләл Ақтөбе облыстық білім беру басқармасына басшы, кейін Семейдегі мұғалімдер институтына ректор болып сайланады. Фатима бұл кездері қазақ мектебінде ұстаздық қызмет етіп жүреді. Біләлдің жақын досы болған ақын Ілияс Жансүгіров досының жары, сол кезде үш баланың анасы Фатиманы көргеннен-ақ өмірлік музасын тапқандай ғашық болады. Біреудің жарына көз қырын салу түгілі, ғашық болу – қазақ менталитетіне жат дүние ғой. Оны Ілияс әрине түсінді, Біләлдің сүйіктісі әрі жары болып мәңгі жазылған деп, сезімін жасырып жүреді. Алайда, ғашық жүрекке әмір жүрсін бе? Ақынның жан-дүниесі Фатиманы ойлаған сайын, тыныштық таппады.
Қазақ әдебиетінің классигіне айналған Мұхтар Әуезовтың өмірбаяны >>>
Білімдігі мен білгірлігі, тәрбиесі мен жүріс-тұрысы, жалт-жұлт еткен жанары, қас-кірпігі мен қабағы, дала елігіндей хас сұлу болған әйелді жылдар өтсе де ұмыта алмайды. Ұмытпасқа амал бар ма, Жансүгіров Фатима есімді басқа әйелге үйленеді, одан 2 бала сүйеді. Алайда, Мәскеуге оқуға түсемін деп, күйеуі мен балаларын әйелі тастап кетеді. Ашаршылық кезеңге тұспа-тұс келген заманда бір жасқа толмаған қызы Сайра қайтыс болады, ал Саят есімді ұлы аман қалады. Қатал тағдыр илеуі Фатима мен Біләлдің де үйінде орын алады. Бұл отбасындағы он жасар қызы Фарида қайтыс болып, Қауіпсіздік органдары Біләл Сүлеевті тұтқындайды.
Ілияс Жансүгіров көп ойланбай-ақ, екі баламен қалған Фатимаға үйленіп, Біләлдің екі баласын асырап алады. Ақын арманы болған махаббатына қол жеткізгенмен, дәл осындай оқиға досы Біләлдің басынан өтуін тілеген жоқ. Тек тағдырдың жазғаны болмаса… 1932 жылы Фатима мен Ілияс отбасын құрады. Фатима Ілиястан Үміт, Ильфа, Болат атты тағы да үш перзент көреді. Фатима Ілиястың көптеген шығармаларына редактор ретінде қызмет етеді, көптеген өлеңдерінің дүниеге келуіне арқау болады. Ақынның шығармашылық шабыты оттай жанып, дамыған кездері еді. Әйгілі «Құлагер» поэмасын да Фатимамен бірге өмір сүрген жылдары жазған екен. Айрандай ұйыған отбасына тағы да қауіп төнетінін кім білген? Фатиманың басына жазылған сор ма, әйтеуір 1937 жылы Ілияс Жансүгіров тұтқындалып, 1938 жылы атылады.
Қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлин жарын қалай таңдаған?
Фатима өзіне төнген қауіпке қарамастан Ілиястың көптеген қолжазбаларын сақтап қалады. Фатима екінші рет «Халық жауының әйелі» ретінде Алматыдан Семейге жер аударылады. Біраз уақыттан кейін Алматыға оралады. Қолында 5 баласы бар жалғыз басты әйелге Біләл мен Ілиястың досы Мұхтар Әуезов қолдау көрсетеді. Арадағы сыйластық пен достық нәтижесінде Мұхтар Фатиманы жар етіп алады. Басына қара бұлт үйірілген кезде Мұхтар әйелін Меркеге туысқандарына жібереді. Фатима Ғабитқызы Мұхтар Әуезовке Мұрат есімді ұл сыйлайды.