Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың бір керегіне жараймын ғой": Дана Нұржігіт Бейсен Құранбекпен соңғы рет тілдескен сәтін еске алды

Танымал тележүргізуші, журналист Дана Нұржігіт досы әрі әріптесі, марқұм Бейсен Құранбекпен соңғы рет кездескен сәтін есіне алды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

©instagram.com/dana_nurzhigit

“Менің бүгінгі әңгімем - Бейсен жайлы. Бейсен - менің досым, әріптесім. Оның да өмірден өткеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Мен Бейсенді соңғы рет 10 ақпан күні көрдім. Ақпанның 9-ы күні Бейсен хабарласты, дауысы әлсіреген. Өксік қысып, ызаға булығып, әрең сөйлеп тұр. "Дана, мені онкологиялық ауруханаға жатқызбай жатыр. Неге? Менің осыдан бұрын жатқан палатама жібермей жатыр, неге? Мен де қазақтың бір керегіне жараймын ғой, әлі бармын ғой, Дана" деді. Мен бұрын соңды мұндай Бейсенді көрген жоқпын, естіген жоқпын, білмеймін. Осыншама шарасыз күйге түскен Бейсенді көрмедім. Менің жүрегім қарс айырылды. Кейін Бейсеннің келіншегі Гүлмира хабарласып, "Дана мүмкіндік болса, келіп кетсеңіз" деді. Жаным аласұрып, бірден Алматыға билет алдым. Билетім қолда, бірақ бастықтан сұрану керек. Арғы күні пленаралық отырыс, мен парламентте жұмыс істеймін. Бастықтан сұранып едім, рұқсат бермеді. "Ең ет жақын туыстарыңыз болса, мақұл. Бірақ, бұл әріптесіңіз ғой" деген жауап алдым", – деп бастады әңгімесін тележүргізуші.

Дананың айтуынша, әріптесі сұраған палата бос болмаған. Дәрігерлер науқасқа 1-2 күндей күту керегін айтып, шығарып салған.

Басшылықың қарсылығына қарамастан тележүргізуші әріптесінің жағдайын білмек болып, Алматыға жолға шығып кетеді.

"Не де болса, мен науқас адамның хәлін сұрауға бара жатырмын. Ең бірінші, Алланың алдындағы парызым. Сосын бұл Бейсен ғой деп, жолға шықтым. Алматыға келгесін, Бейсеннің жұбайы Гүлмираға хабарласып, "Мен әуежайда тұрмы. Алматыда тұрмын" дедім. Гүлмира көлік жіберіп, мен Бейсеннің үйіне келдім. Ол екі қабатты үйдің екінші қабатында, бөлмеде жалғыз өзі, төсек тартып жатыр екен. Қатты жүдеген, біраз көзі сол бұрынғы Бейсеннің жанары. Мені көріп қуанып кетті. Екеуіміз құшақтасып амандастық. "Азаматсың, Дана. Азаматсың" деп, ризашылығын білдірді. Екеуіміз біраз әңгімелестік. Содан бір кезде әңгімеміз үзіліп, үнсіздік орнады. Бейсен терең күрсініп, терезеге қарай мойнын бұрды. "Шаршадың ба, Бейсен?" деп едім, "Иә, шаршадым. Әлсіреп қалдым" деді. Мені көріп қуанып кетті. Екеуіміз құшақтасып амандастық. "Азаматсың, Дана. Азаматсың" деп, ризашылығын білдірді. Екеуіміз біраз әңгімелестік. Содан бір кезде әңгімеміз үзіліп, үнсіздік орнады. Бейсен терең күрсініп, терезеге қарай мойнын бұрды. "Шаршадың ба, Бейсен?" деп едім, "Иә, шаршадым. Әлсіреп қалдым" деді. Олай болса, мен жүрейін, сені көріп кетейін деп едім. Кешегі дауысың ұнамады маған. Өзіңді қолға ал. Бәрі жақсы болады. "Ауырып қалғаным, аунап тұрғаным" дерсің ертең. Жақсылықта көрісейік. Мынау саған әкелген сыйлығым деп, жаңа ғана баспадан шыққан Құран Кәрімнің қазақшасын қолына тапсырдым”, – деген Дана Нұржігіт досымен соңғы рет көрісіп тұрғанын білмеген.

“Сол кезде менің алдымда таңдау тұрды: досымның алдындағы соңғы парызымды өтеуім керек пе, әлде Мемлекеттік қызметтегі міндетті орындау, сөзде тұру керек пе? Мен біріншісін таңдадым. Оған еш өкінбеймін. Бейсен досымды соңғы көруім болды”, – деп сөзін түйіндеді журналист.

Айта кетейік, 2020 жылдың мамыр айында “Айтуға оңай...”, “Қарекет” бағдарламаларының жүргізушісі, журналист Бейсен Құранбек өмірден озды.

Талқылау