Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақты Ресейге бағындырудың тікелей нұсқаулығы": Желіде дау тудырған "Қазақтарды қалай басқару керек" кітабы cатылымнан шығарылды

Желіде "Как управлять казахами" (Қазақтарды қалай басқару керек) кітабы оқырмандар арасында дау тудырған еді. Енді бұл кітапты маркетплейстен табу мүмкін емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

2024 жылдың жазында Алматыда Ресей империясының бас хатшысы Иван Кирилловтың 1734 жылғы мұрағат құжаттары, басқа да тарихи деректер мен ғылыми мақалалар негізінде жазылған "Қазақтарды қалай басқару керек" кітабы жарық көрді.

Баспагер Бақытжан Бұхарбай қазақ даласын отарлаудың басталғаны туралы құжаттарды жинақтап шыққан. Оның айтуынша, кітапта Ресей империясының сол жылдардағы оқиғаларға және "қазақтарды басқарудағы" көзқарасы берілген.

Ал кітаптың алматылық дүкен сөрелерінде сатылуына блогерлер Нұрқожа Бауыржанұлы мен Елзат Мұқашев қарсылығын білдірді. 

Тарихшы Нұрқожа Ерсайынның сөзінше, кітапта қазақ пен қырғыз руларын бір-бірінен бөлу, ажырату арқылы оларды бағындыру туралы жазылған. 

"Достар, мынау не енді? Қараңыздаршы. Тура Алматының төрінде "Как управлять казахами?" деген кітапты қойып қойыпты. Кітаптың қысқаша тарихын айтып берейін. Бұл бәріне белгілі кітап. Иван Кириллов деген оңбаған кісі 1734 жылы шығарған, яғни қазақтар жоңғарлардың әсерінен құлдырап, Ресейге қосыла бастаған кезде Иван Кириллов деген адам осы кітапты жазып шыққан. Мұны сыртының өзінде жазып қойған. Қазақ пен қырғыз руларын бір-бірінен бөлу, ажырату арқылы оларды бағындырып, оларды тізе бүктіріп, Ресейге бағындырудың тікелей нұсқаулығы. Сол кітап енді сатылып жатыр. Суретінде де бір хан орыс офицерлерінің алдында бас иіп, бағынып жатыр", – дейді блогер.

Ал сәулетші Елзат Мұқашев, осыны сатылымға шығарған адамның намысы бар ма, деп ренішін білдірді. 

Көпшіліктің осындай наразылығынан кейін кітап Flip, "Meloman" және Kaspi сайттарынан алып тасталған секілді. Себебі "Қазақтарды қалай басқару керек" деп сайтқа терсеңіз, кітапты таба алмайсыз.

Оқырмандардың наразылығы сатушыларды кітапты сатылымнан алып тастауға итермелесе керек. 

Фото: Meloman

Фото: Flip.kz

Фото: Kaspi.kz

Талқылау