Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зайсандықтардың 60 пайызы “Қазақтелеком” ұсынған қызметті пайдалануда

"Қазақтелеком" бір жыл ішінде "радиокөпір" технологиясын қолдана отырып, Шығыс Қазақстан облысының 11 шалғай ауылын жылдам интернетпен қамтамасыз етті. Соның арқасында 500-ден астам тұрғын заманауи жоғары жылдамдықты интернетке қолжеткізген болатын. Ал өткен айда компания дәл осылай Зайсан қаласындағы 83 жеке сектордың үйін сымсыз интернетке қосты. Енді қала тұрғындары үшін желі жылдам әрі ыңғайлы бола түспек. 

Зайсан – еліміздің шығысындағы шекарада орналасқан, баршаға көлімен танымал қала. Бүгінде мұнда 5300-ден астам отбасы тұрады. Оның 60 пайызы "Қазақтелекомның" интернет желісіне қосылған. Бүгінде қала қарқынды дамып келеді. Қазір мұнда "Сауыр" және "Қазақ ауылы" шағын аудандарында "Бір қабатты Шығыс үйлері" бағдарламасы бойынша құрылыс жүргізілуде.

Өткен айда байланыс операторы "Қазақ ауылында" радиусы 10 шақырымды құрайтын wi-fi радиокөпірін орнатқан еді. Бұл жаңа қоныстанушыларды тұрақты әрі тез интернетпен қамтамасыз етіп, жұртшылықты қуантты.

Радиокөпірде арнайы әзірленген, Altel-ден "Tolkyn" тарифтік жоспарына қосылған Төлеген Сәлімхановтың отбасы сапалы желінің тіршілікте де, жұмыста да көп пайдасы бар екенін айтады. Азаматтың көліктерге техникалық қызмет көрсететін шағын орталығы бар. Ол алғашында гаражды шеберханаға айналдырып, көліктердің бөліктерін жөндеумен айналыса бастаған.

"Көшіп келген жаңа шағын ауданымызда өз автожөндеу шеберханамды ашуды қалап едім. Сол себепті гаражды жиыстырып, барлық қосалқы бөлшектер мен құралдарға онлайн тапсырыс жасадым. Көрсетілетін қызметім мен білімімді арттыру үшін YouTube -тен бейне шолуларды қараймын. Әрдайым жаңа нәрселер үйренуге тырысамын. Бүгінгі таңда интернеттің сапалы болуы өте маңызды. Тіпті қажеттілікке айналды. Сондықтан қоныс аударған бойда бірден мамандарға өтініш бердім. Қазір желі ешбір кедергісіз жұмыс істейді", - деп бөлісті Төлеген Сәлімханов.

"Қазақтелеком" АҚ бөлшек бизнес бөлімінің Шығыс аймағының B2C коммерциялық директоры Мұрат Амантайдың айтуынша бұл қалада желіні орнату үшін “радиокөпір” тәсілі арнайы қарастырылған.

“Бір жарым айдың ішінде "Қазақтелеком" "Қазақ ауылы" кешеніндегі үйлердің үштен бірін оптикаға қосты. Енді тағы 150 үйді қосуды жоспарлап отырмыз. Зайсан таулы аймақта орналасқандықтан мұнда желіні оптикалық талшықты дәстүрлі жолмен орнату қиындық тудырды. Ал "Радиокөпір" орнату ең оңтайлы шешім. Бұл технологияны қолдана отырып, біз тұрғындарды бірнеше күнде интернетке қоса аламыз", - деді Мұрат Амантай.

2020 жылы "Қазақтелеком" ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жөніндегі республикалық жобаны аяқтады. Осылайша еліміздің барлық облыс орталықтарындағы мемлекеттік қызмет көрсету және бюджеттік ұйымдар магистральдық желіге қосылған болатын. Ал кіру нүктелері арқылы 20 Мбит/с жылдамдықпен "радиокөпірлер" орнату арқылы жақын маңдағы ауылдар сымсыз желіге қосылды. Атап айтқанда радиокөпір сигналын қабылдайтын құрылғы тікелей пайдаланушылардың үйлерінде болды.

Байланыс операторы шағын қалалардағы оптикалық желілерді дамытумен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарды да интернетке қосуда. Өткен жылдың соңында "Қазақтелеком" мекемесі шалғайдағы Үлкен Қаратал ауылына радиокөпір орнатты. Осылайша мұнда ауыл тұрғындары алғаш рет бүкіләлемдік жылдам желіге қол жеткізген еді. Бүгінде бұл ауылдағы пайдаланушылар саны 50-ге жақындаған. Компания жаздың соңына дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Біржан ауылын "оптикаға" қосу жоспарланғанын алға тартты.

STAN.KZ
Сейсенбі, 20 Маусым, 2023 12:01