Қазақстанның тумасы “Ресей сұлуы” атанды
18 жастағы Лада Акимова отбасымен бірге 3 жыл бұрын Петропавлдан Екатеринбургке көшіп барған. Ол 30 арудан озып, тәжге ие болды, деп жазады «Комсомольская Правда».
12 желтоқсан күні Мәскеудің Icon клубында «Ресей сұлуы» байқауы өз мәресіне жетті.
Әділқазылар құрамына рэппер Джиган, продюсер Александр Толмацкий, актер Денис Косяков, адвокат Александр Добровинский кірді.
Лада отбасымен Уралға көшіп барған соң оны ата-анасы модель агенттігіне бар деп үгіттейді.
«Ладаны үнемі үгіттеп отыру керек. Петропавлда тұрғанда театр-студиясына баруға әрең көндіргенбіз. Осы байқауға да әрең барды. Ол келесі жылы қатысқысы келетінін, бұл жолы қатыспайтынын да айтқан еді. Мен оған мұндай мүмкіндіктің беріле бермейтінін айттым», – дейді анасы.
Бойжеткен модель мектебінде дайындалады. Өзі «Халықаралық экономика және менеджмент» мамандығында оқиды.
«Лада мектепте үздік оқыған емес. Орташа оқыды, үштік бағалары да болды. Ол осындай қарапайым қыз. Біз бірінші орын алады деп күтпеген де едік. Ал, жеңімпаз атанғанда таң қалып қалдық», – дейді әкесі.