Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның үш өңіріндегі түрмеде сотталушылар теракт жасамақ болған (видео)

Қазақстанның Алматы, Қостанай және Жетісу облыстарындағы түзеу мекемелерінде он тұтқын теракт жасамақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

22 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Алматы облысы прокуратурасының келісуімен үш өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қылмыстық іс-шаралардың жолын кесті. Нәтижесінде радикалды діни идеологияны жақтайтын 10 адам ұсталды. 



Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, сотталушылардың бірі түрмеде отырып теракт дайындаған. Ал қалғандары лаңкестік әрекетті насихаттауға және ұйымдастыруға адам тартпақ болған. 

“Түрмелерді тінту кезінде смартфондар, қарулар мен басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Бір адам экстремизм бойынша сотты болған. Қалғандары кісі өлтіру, тонау және ұрлық үшін жазасын өтеп жатыр. Сондай-ақ Алматыда олардың пробациялық бақылауда болған сыбайласы ұсталды. Аталған тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 255 (Терроризм актісі), 256 (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) және 259-баптары (Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан азаматы терроризмді насихаттағаны үшін 8 жылға сотталған еді. 

Талқылау