Қазақстанның төрт өңіріне су тасқыны қаупі төніп тұр: Министрлік алдын ала болжам жариялады

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және ішінара Қарағанды облыстары су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министрдің айтуынша, қазір тек алдын ала болжам жасалған. Нақты ақпарат "Қазгидромет" 1 наурызда жариялайтын болжамға қарай ұсынылады.
"1 наурызда нақтыланған болжам жарияланған соң, қандай қауіп барын нақтырақ білеміз", – деді Нұрлан Алдамжаров.
Қазақстанда 5 өңір су тасқыны қаупі жоғары аймақ қатарына кірді
Сондай-ақ ол бассейндік инспекциялар су қоймалары бойынша мәліметтерді күн сайын Tasqyn жүйесіне енгізіп отыратынын айтты.
"Қазір елдегі су қоймаларында шамамен 14,5 млрд текше метр бос. Су тасқыны қарсаңында нақты деректер ұсынылады. Қазір 1 наурыздағы нақтыланған болжамды күтіп отырмыз және соған сәйкес жұмыс істейміз. Барлық гидротехникалық нысандар су тасқынына дайын", – деді ол.
Айта кетейік, Tasqyn су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі 2025 жылдың ақпан айында пайдалануға беріліп, қазір Қазақстандағы су тасқыны жағдайын бақылау үшін қолданылып жатыр. Министрліктің сайтындағы мәліметке сәйкес, модельдеу 128 өзен учаскесін қамтитын 142 гидробекеттен алынған деректер негізінде жүргізіледі.
Сонымен қатар сервисті барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді ету және су тасқыны туралы уақытылы хабарлау жөніндегі уәделерге қарамастан, өңірлерде әлі де су басу жағдайлары тіркеліп жатыр Мәселен осыған дейін Жамбыл облысында су тасқыны басталғанын жазғанбыз.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?