Қазақстанның төрт облысында кәсіпорындар алтын құрамды материалдарды заңсыз өндірген
Фото: polisia.kz
Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында бес кәсіпорын алтын құрамды материалдарды заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тексеру барысында бұл компаниялардың тек геологиялық барлау жүргізуге лицензиялары бола тұра, арнайы техника мен өндірістік жабдықтарды пайдалана отырып, алтын құрамды кенді кең көлемде заңсыз өндіргені анықталды.
Жүргізілген тінту шаралары барысында 6 700 тоннадан астам алтын құрамды кен, 300 тонна сұйық кен (пульпа), 120 тонна селитра, сондай-ақ жарылғыш заттар мен детонаторлар тәркіленді. Сонымен қатар оқиға орындарынан 45 бірлік арнайы техника алынды.
“Полицияға 62 адам, оның ішінде бірнеше ЖШС директорлары мен құрылтайшылары жеткізілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша құрамында бағалы металдар бар шикізаттың заңсыз айналымы фактілері бойынша бес қылмыстық іс тіркелді. Мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілгені анықталды”, - дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
