Ресей Қазақстанның оңтүстігінде орыстілді мектептер салуға өз бюджетінен қаржы бөледі – Министр Бейсембаев
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанның оңтүстігінде орыс тілінде білім беретін үш мектеп салу мәселесін Ресей қаржыландыратынын мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: orken-instituty.kz
Министрдің айтуынша, бұл мектептер Қазақстанның білім беру стандарттарына сәйкес жұмыс істейді.
Сонымен қатар келісім аясында Ресейде қазақ тілінде білім беретін үш мектеп ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Ведомство басшысы қазір бұл мәселелер талқылау кезеңде екенін айтты.
Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс мектептерін салу жоспарларын қолдайтынын мәлімдеді. Ол бұл бастаманың Қазақстандағы орыс тілі мен білім беру сапасын дамытуға бағытталғанын тілге тиек етті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Ресейде қазақ мектептерін ашу қажеттігін көтеріп, білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға назар аударды. Бұдан бөлек Астанада Мәскеу халықаралық қатынастар институтының филиалы мен Омбыда ҚазҰУ өкілдігін ашу жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астрахань, Омбы және Орынбор қалаларында этникалық қазақтар тұратын жерлерде қазақ тілінде оқытатын қазақ-орыс мектептері ашылатынын мәлімдеді. Ресейде қазірдің өзінде қазақ тілін оқыту жүзеге асырылып жатыр. Бұл этникалық қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарда жүргізіледі. 2021 жылғы санақ нәтижелері бойынша Ресейде 591 мыңнан астам қазақ тұрады. Олардың көбі Астрахань, Орынбор, Омбы және Саратов облыстарында шоғырланған.