Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның қай өңірінің тұрғындары алкогольді көп ішетіні белгілі болды

Алкогольді тұтыну бойынша елдердің рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 100-орында. Қазақстанда бір адамға жылына 5 литр ішімдіктен келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, биыл Қазақстанда әр үй ішімдік ішуге орта есеппен 5,5 мың теңге жұмсаған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,1% артық.

Алкогольге ең көп ақша жұмсаған – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Әр үй 9,5 мың теңгені ішімдікке берген. Одан кейін Павлодар облысы (9,5 мың теңге) және Алматы (8,9 мың теңге).

Алкогольді ішімдіктерге ең аз ақшаны Қызылорда (1,2 мың теңге), Ақтөбе (1,4 мың теңге) және Маңғыстау (1,5 мың теңге) облыстарының тұрғындары жұмсаған.

Тамызда айлық динамика бойынша алкогольдік өнімдер 0,4%, жылдық динамика бойынша 9,3% қымбаттады.

Шарап 0,8%, сыра 0,5% қымбаттады, арақ бағасы 0,2% түсті. Жылдық динамикада сыра бағасы 14,4%, шарап 9,9%, арақ 3,6% өсті.

Бір айда алкогольдік өнім құны Астанада (2,1%), сондай-ақ Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында (әр өңірде 1,8%) айтарлықтай өсті. Жамбыл, Павлодар және Қостанай облыстарында баға өзгермеді. Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарында алкоголь бағасы түсті.

Алкогольді тұтыну бойынша бірінші орынды Латвия (13,2 литр), Молдова (12,9 литр) және Германия (12,8 литр) иеленді.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстанға қарағанда Беларусь, Ресей және Украинада алкогольді көп тұтынса, Қырғызстан, Армения, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Тәжікстанда азырақ тұтынылады.

2023 жылы Қытай алкоголь өнімдерін өндіруден түсетін табыс бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Олар 335,9 млрд доллар пайда тауып отыр. Одан кейінгі орында АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және Германия.

16 қыркүйектегі жағдай бойынша ең ірі алкоголь өндіруші компания – қытайлық Kweichow Moutai. Екінші және үшінші орындарда Anheuser-Busch Inbev (Бельгия) және Diageo (Ұлыбритания) сияқты компаниялар тұр. Үздік бестікке Wuliangye Yibin (Қытай) мен Heineken (Нидерланды) кіреді.

Талқылау