Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның ең ірі мұнай-газ-химия жобасы: Атырауда полиэтилен зауытының алғашқы қазығы қағылды

2025 жылдың 31 наурызында Атырау облысындағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағында полиэтилен өндіретін "Силлено" зауытының алғашқы қазығы қағылды.

Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

Ауқымды құрылысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, СИБУР-дың басқарма мүшесі — атқарушы директоры Павел Ляхович және Sinopec компаниясының аға вице-президенті Ван Тао бастады. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда

Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін және инвестиция көлемі $7 млрд астам құрайтын зауыт құрылысын 2028 жылы аяқтап, өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр. "Силлено" Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ауқымды жобалардың бірі болмақ.

Зауыт негізгі өнеркәсіп салаларында қолданылатын 20-дан астам полиэтилен түрін шығаруға қауқарлы.

Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

Жоба құрылыс кезеңінің өзінде ұлттық экономикаға мультипликативті оң әсер тигізіп, Қазақстанның шикізаттық емес экспортын арттыруға ықпал етеді. "Силлено" өнімдері елдегі полиэтилен импортының 90%-ын алмастыра алады, осылайша кәсіпорынның маңызы арта түспек. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның полиэтилен нарығы шамамен 300 мың тоннаға жетті. Ал сарапшылардың бағалауы бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш 400 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстандық тұтынушылардың полиэтиленге деген негізгі сұранысын "Силлено" қамтамасыз етуге дайын.

Зауыттың құрылыс кезеңінде шамамен 8000 жұмыс орны, ал өндіріс басталғаннан кейін 800 жұмыс орны ашылады.

Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

Полиэтилен өндірісіне шикізат ретінде этан қолданылады. Ол "Теңізшевройл" компаниясының кен орындарынан алынған газдан ҚМГ жүзеге асыратын Газосепарациялық кешенде өңделеді. Одан әрі этан магистралды құбыр арқылы Силленоға жеткізілетін болады. Құбыр құрылысын ҚМГ жүргізеді.

Болашақ кешен америкалық Lummus компаниясының технологиясымен этилен өндіруге арналған пиролиз қондырғысынан және Chevron Phillips Chemical (АҚШ), Univation Technologies (АҚШ) технологияларының көмегімен этиленді полимерлеу қондырғыларынан, сондай-ақ Axens (Франция) технологиясымен салынатын бутен қондырғысынан тұрады.

Мұнай-газ химиясы саласындағы әлемдік жетекші технологиялық шешімдер жаңа өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның сенімді жұмысына және қоршаған ортаға минималды әсеріне кепіл береді. 

Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

Құрылыс алаңындағы алғашқы дайындық жұмыстары пиролиз қондырғысынан басталды, қондырғы құрылысын EPC-мердігер Tecnicas Reunidas (Испания) Sinopec Engineering Incorporation (Қытай) компаниясымен бірлесіп жүргізетін болады.

Жобаны Силлено компаниясы жүзеге асырады, компания акционерлері — "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және "СИБУР Холдинг" ЖАҚ (30%).

Зауыт Қазақстанның полиэтиленге деген ішкі сұранысын қамтамасыз ете отырып, өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа, Қытай және Түркияға жеткізуді жоспарлап отыр.

Полиэтилен — көптеген дайын өнімдерде қолданылатын негізгі шикізат. Олардың қатарында су, газ, канализация, вентиляция, жылыту жүйелеріне арналған құбырлар мен клапандар, электр және жылу оқшаулайтын материалдар, қайықтар мен жол талғамайтын көліктерге арналған корпус, техникалық жабдықтар, тұрмыстық техника, медициналық жабдықтар, автобөлшектер, ойыншықтар, барлық маркалы пленкалар, ыдыс (бутылкалар, қораптар, канистрлер және басқа), сондай-ақ тұрмыста да, өнеркәсіпте де кеңінен қолданылатын басқа да тауар түрлері бар.

Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

Талқылау