Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда екі қаланың тұрғындары аптап ыстық салдарынан жарықсыз қалды

Екі қала тұрғындары жарықсыз отырФото: Видеодан скрин

Қазақстанның екі қаласының тұрғындары жарықсыз қалды. Ақтаулықтар бір тәуліктен астам жарықсыз отырса, шымкенттіктер уақытша электр энергиясы өшіп, аптап ыстықта әбігерге түсіп отырмыз дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

КТК арнасының мәліметінше, Ақтауда шағын аудандар бірінен соң бірі жарықсыз қалған. Ал энергетиктер апаттық режимде жұмыс істеп жатыр екен. Олар ақауларды дер кезінде жөндей алмайды. Себебі, ескі желілер жоғарыл жүктемеге төтеп бере алмайды. Соңғы күндері олардан келген залал үш есеге жуық өскен. Жолдарда бағдаршам жұмыс істемей, кептеліс пайда болған. Тұрғындар ауа райы ыстық кезде жарықсыз отыру қиын дейді. 
Ыстықта электр жарығынсыз отыру өте қиын.

"Жарық жоқ, жазда жиі өшеді. Бұл шын мәнінде өте ыңғайсыз. Бірі үйден жұмыс істейді, енді бірінің үйінде бала-шаға, қария бар. Үйде тоңазытқышта тамақ бар, ол иістеніп, бұзылып жатыр. Үнемі электр жарығынсыз отыру ыңғайсыз", – дейді тұрғын Эмилия Тахмасова. 

ақтаулық жарықсыз отырғанын айттыФото: Видеодан скрин

Энергетиктердің айтуынша, ақау пайда болуына аптап ыстық себеп. Тозығы жеткен желілер жоғары жүктемені көтере алмайды. Ал апатты жағдайда тұрған жерді табу көп уақытты алады дейді. Оның үстіне, бұл мәселемен айналысатын екі ғана арнайы зертхана бар екен. 

"Ақтауға аудандар мен көршілес Жаңаөзеннен бригада келіп, көмек көрсетуі керек. Себебі, ақауды дәл қазір ретке келтіру қиын жұмыс", – дейді энергетиктер. 

"Ақтау электр желілері басқармасы" мемлекеттік кәсіпорнының бас инженері Әтірбек Махамбетовтың сөзінше, өңірде 13 шілдеге дейін 28 кабель бұзылған. Ал қазір олардың саны 70-ке жетіпті. 

Ал әкімдік арнайы мамандар кабельдік желілерді тез арада ретке келтіретінін айтты. 

"Қалада бүгін электр жарығы өшірілмейді. Арнайы мамандар екі-үш сағаттың ішінде кабельдік желілердегі апатты жойып, тұрғындарға электр қуатын береді. Тозығы жеткен желілерді жөндеу мәселені түбегейлі шешуге көмектеседі. Биыл 74 шақырым кабельдің сметасы әзірленіп жатыр", – деді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров. 

Жергілікті билік қала тұрғындарынан сабыр сақтауды сұрап отыр. 

Ал Информбюро бағдарламасының мәліметінше, Шымкентте электр қуаты үзіліп, бірнеше шағын аудан уақытша электр қуатынсыз қалған. Оның басты себебі аптап ыстық. Себебі ауа райы ысыған сайын энергия тұтыну күрт өскен. Осылайша қаланың электр желісіне түсетін жүктеме 350-ден 459 мегаваттқа артқан. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, энергетикалық жүйеге шамадан тыс жүктеме түскен жағдайда ықтимал апаттың алдын алу мақсатында Жылу электр орталығындағы турбогенераторлардың бірі уақытша тоқтатылған.

Шымкентте жарық сөніп қалдыФото: Видеодан скрин

Қаланы электрмен қамтамасыз ету деңгейі қазір шамамен 57%. Билік үзілістердің мәжбүрлі және уақытша шара екенін айтты. Аптап ыстық жалғасса, шектеулер ұзартылуы мүмкін екен. 

"Энергетика мен инфрақұрылым халық санының өсуі мен сұраныстан озық қарқынмен дамуы тиіс. Айта кету керек, бұл Шымкентке де тән проблема. Қалада өз бетінше, рұқсатсыз салынған аумақтар көп. Ал ондағы тұрғындар электр қуатын қалай алып отыр? Бұл үлкен сұрақ туындатады. Егер ол жерлерде ешқандай құжат болмаса, жарық қайдан келеді? Бәрі бір мезетте үйіне оралып, электр құралдарын қосқан кезде, желіге үлкен салмақ түседі. Жүйені теңестіру үшін кейбір жерлерде мәжбүрлі түрде жарықты сөндіруге тура келеді", – деді сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Олжас Байдилдинов. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 10:34
Талқылау