Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның бай кәсіпкерлері мемлекетке миллиардтаған салық қарызын төлемеген

қарызФото: shutterstock 

Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылғы 1 қазандағы салық берешектері бойынша тізімді жариялады. Топ-10 тізімге долларлық миллионерлер Рашит Сәрсенов пен Сайдулла Кожабаевқа, сондай-ақ Назарбаевтар отбасына тиесілі компаниялар кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бірінші орында  110,1 млрд теңге қарыз "Ai-To Progress" ЖШС тұр. Алматыда тіркелген компанияның бірінші жетекшісі мен иесі – Дәурен Молдағалиев.

Екінші орында 95,9 млрд теңге, оның ішінде 17,4 млрд теңге негізгі қарызы бар "Tex Alliance" ЖШС. Талғардағы компанияның бірінші жетекшісі мен иесі – Азат Жанзақов. Екі компания да көтерме саудамен айналысады және 2022 жылы Бас прокурактура тарапынан тауар контрабандамен айналысатын ұйымдар тізіміне енгізілген болатын. Сол кезде олар мемлекетке келтірілген залалды өтегені хабарланған болатын.

Үшінші орында Алматыда тіркелген Alpha-bet ЖШС, негізгі қызмет бағыты – құмар ойындарын ұйымдастыру және бәс қабылдау. Компанияның мемлекет алдындағы берешегі 92,4 млрд теңге. Жарғылық капиталының жалғыз иесі – Velora Group LTD.

Тізім бойынша төртінші орында Group of the companies TDA компаниясы тұр. Оның негізін қалаушылардың арасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева және Әли Қылышпаев бар. Компанияның мемлекетке төленбеген салық қарызы 90,3 млрд теңгеге жеткен. 2025 жылдың жазында Алматы қаласының соты бұл компанияға қатысты Қытайдан тауарларды контрабандалық жолмен әкелу ісі бойынша айыптау үкімін шығарған. Кінәлілер бас бостандығынан айырылды.

Бесінші орында букмекерлік "OLIMP KZ"компаниясы тұр, ол мемлекетке 83,7 млрд теңге қарыз. Алматыда тіркелген компанияның иесі – Анарбек Жауыров.

Алтыншы орында 46,2 млрд теңге берешегі бар "GB Invest" ЖШС. Қаскеленде тіркелген компанияның бірінші жетекшісі және жалғыз иесі – Наджиб Файез. Компанияның заңсыз саудаға қатысқанын Бас прокуратура әшкерелеген.

Жетінші орында 18,7 млрд теңге қарызы бар "Кастинг" ЖШС тұр. Алматыда тіркелген компанияның иелері – Рашит Сәрсенов, Эдуард Креймер және Йонга Белегингсматсаппей. Forbes дерегінше, Рашит Сарсеновтің отбасы Қазақстандағы ең бай адамдардың ішінде тоғызыншы орында, жалпы капиталы – $970 млн.

Сегізінші орында 9,4 млрд теңге қарызы бар "ҚазГерСтрой" бірлескен кәсіпорны. Астана қаласында тіркелген компания құрылыс және бетон өндірумен айналысады. Компанияның жалғыз иесі – "Bereke Astana Group" ЖШС, оның бенефициарлары – Айдар Лазаров және Бауыржан Нұрсұлтан (БАҚ мәліметінше, ол Қайрат Сатыбалдының ұлы). 2022 жылы Бас прокуратура "ҚазГерСтрой" жол құрылысы кезінде 43 млрд теңге жымқырғанын хабарлады.

Тоғызыншы орында 5,3 млрд теңге, оның ішінде 3,8 млрд теңге негізгі қарызы бар "Aktobe Smart Tech" ЖШС. Ақтөбе қаласында тіркелген компания серверлік бөлмелерді жалға беру (data center) қызметімен айналысады. Иелері – AQ Group Holding Limited (БАӘ) және Alageum Electric (Сайдулла Қожабаев пен Ержан Ільясовқа тиесілі). Компания криптовалютаны белсенді түрде майнинг жасау үшін газды пайдаланып, өңірде газ тапшылығын туғызған.

Ондықтағы соңғы орында "БатысНефтеТрэйд" ЖШС, оның қарызы – 3,7 млрд теңге (оның 1,9 млрд теңгесі негізгі қарыз). Компания Алматыда тіркелген, қызметі мұнай мен газ көтерме саудасы. Меншік иесі – Берік Боранбаев.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 17:46
Талқылау