Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға заңсыз тәркіленген актив 1,3 триллион теңге қайтарылды

әлеуметтік төлем жымқырғандар ұсталдыФото: ChatGpt арқылы жасалған

Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов заңсыз тәркіленген активтердің елге қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бас прокурордың айтуынша, бұрын соңды елге қысқа мерзім ішінде мұншалықты көлемді қаражат қайтарылмаған. 

"Олигополия субъектілерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Оның шамамен 850 миллиард теңгесі мемлекеттік кіріске түсті. Ал 375 миллиард теңге 207 су шаруашылығы нысанын, 177 медициналық мекемені, 14 білім беру және спорттық ғимараттарды салуға бағытталды", – дейді ол. 

Асыловтың айтуынша, олигополия субъектілері жасалған келісімдер аясында елге 5,2 триллион теңге инвестиция салу міндеттемесін алды. Бұл қаржы Алматыда жаңа туристік кешен, көлік-логистика орталықтары мен өзге өңірлерде зауыттар салуға жұмсалмақ.

"Мысалы, 3 мыңнан астам жұмыс орнын құратын, ресурстарды өндіру мен қайта өңдеуді ұлғайтатын тау-кен байыту комбинаты салынады. Бұл елдің экспорттық әлеуетін күшейтіп, салық түсімдерінің артуына ықпал етеді. Бұдан бөлек, субъектілер жалпы құны 122 миллиард теңге болатын 16 мектеп пен балабақша, сегіз дәрігерлік амбулатория мен аурухана, 13 спорт кешені, 16 мәдени-демалыс нысанын тұрғызбақ", – деді бас прокурор.

Асыловтың айтуынша, Бас прокуратура бұл жобаларға қатаң бақылау орнатады.

"Сонымен бірге Заңсыз активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне трансформацияланады. Негізгі мақсат ел экономикасына, оның ішінде бұрын заңсыз шетелге шығарылған қаражатты тартуға ынталандыратын жүйе құру", – деді ол. 

Ол инвестицияларды қорғау прокуратура жұмысының негізгі бағытына айналғанын жеткізді. Қазір ведомство қызметкерлері жалпы сомасы 87 триллион теңгені болатын 1,5 мыңнан астам инвестициялық жобаға қолдау көрсетіп отыр. 

– мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы талап-арыздары 60%-ға азайды;
– әкімшілік істердің саны 12%-ға қысқарды;
– бизнеске қатысты қылмыстық істер 10 есе азайды (1 553-тен 154-ке дейін).

Сондай-ақ Асылов Алматыдағы жағдайды мысалға келтірді. Мұнда инвестор Haval, Chery, Changan жеңіл автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт жобасын жүзеге асыру барысында бірқатар мәселеге тап болған.

Әкімдік 2022 жылдан бастап кәсіпорынды газ желілеріне қоспай, 2023 жылы нысан құрылысына архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын бермеген. 2024 жылы электр желілеріне қосуға техникалық шарттар ұсынылмаған. Пайдалануға беру актісімен де қиындықтар туындаған. Бұл мәселелер прокуратура араласқаннан кейін ғана шешілген. Қазір жоба іске қосылды, жалпы инвестиция көлемі 182 миллиард теңге болды және 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

2025 жылы 8 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Комитеттің атауын өзгертуге тапсырма беріп, Бас прокуратураның осы бағыттағы жұмысын жоғары бағалады.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 20 Қыркүйек, 2025 11:30
Талқылау