Қазақстанға алдағы жеті жылда 150 млрд доллар тікелей шетел инвестициясын тартамыз – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан алдағы жеті жылда 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы президент Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуінде мәлім етті.
“Елімізде цифрлық трансформацияны қолдау үшін реформалар жүргізуге кірістік. Бұл жұмыстарды бүкіл әлем мойындап отыр", - деп атап өтті президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, БҰҰ-ның рейтингісінде Қазақстан "электронды үкіметті" дамыту бойынша әлемнің үздік отыздығына кіреді, сондай-ақ онлайн қызмет көрсету индексі бойынша 11-орында.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев елге тартылатын тікелей шетелдік инвестицияларға тоқтала кетті.
"Алдағы 7 жылда 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз", - деді ол.
Мемлекет басшысы әлемде бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпжақты және конструктивті сыртқы саясат ұстанатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Орталық Азия аймағы барлық мүдделі мемлекеттермен және ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ашық әрі дайын екенін атап өтті.
"Орталық Азияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызының артуына байланысты C5+ форматы серіктестерімізбен арадағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазір C5+ форматы көптеген елдермен және өңірлік одақтармен, соның ішінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және кейінгі уақытта Қытай, Үндістан, Ресей, Еуропалық Одақпен белсенді ынтымақтастық орнатты", - деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Орталық Азия экономикасындағы жетекші ел ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық дамуға, сондай-ақ құрлықтар, мәдениеттер мен ұлттар арасын жақындатуға өз үлесін қоса береді.
"Осыған орай біз әлемдік қауымдастықтың барлық мүшесімен, соның ішінде АСЕАН, Таяу Шығыс, Африка және Америкамен белсенді серіктестігімізді жалғастырамыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, президент БҰҰ, АӨСШК, ТМД, ШЫҰ, ТМҰ және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті.