Қазақстандық жұлдыздар өздерінің енелері туралы айтып берді
Қазақстандық жұлдыздар өздерінің енесімен қарым-қатынастары туралы айтып берді. Мұнымен қатар, ата-енемен бірге тұрудың пайдалы және кемшін тұстарымен бөлісті.
Бұл туралы Астана арнасының “Ел аузында” бағдарламасында айтылды.
Қазақ халқы “Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі” деп көрегендікпен айтқан. Бұл халқымыздың баланың өмірінде тәрбие мен тектіліктің маңызы зор екенін меңзегені. Бүгінде жас қыздың бойжетіп, жаңа үйдің босағасын аттары анық. Осы секілді қазақ эстрада жұлдыздары да бір-бір үйдің шаңырағын түтетіп отыр. Бірі өзін енесіне ұқсатса, енді бірі керісінше ұқсай алмай жүргендігін айтады. Арасында бетіне шапшып сөйлеген келіндерінің бар болғанын жасырмайтын жандар да бар.
Фото: instagram.com/zhanbolatzhazira/
Жазира Байырбекова: Енеме қанша ұқсағым келсе де, ұқсай алмай жүрмін. Өзім өте жұмсақ, көңілі бос адаммын. Десе де, әлі де талпынып тырысып жүрмін. Отасқан 20 жылдың ішінде ол кісіден алып бойыма сіңірген қасиеттер бар. Ең алғаш 18 жасымда келін болып түскен кезде, өзімді бойжетіп қалғандай сезінетін едім. Бірақ кішкентай қыз екенмін ғой. Мұны енді біліп жатырмын. Жанболат үнемі “Менің анам былай жасайтын, сен де солай жаса. Менің анам қандай болса, сен де сондай болуың керек” деп айтып отырады. 1,5-2 жылдай ата-енеммен бірге тұрдым. Қазір енем ауылда. Жанболаттардың отбасында жеті бола болғандықтан, дәстүрімізге сай сүт кенжелерінің қолында тұрып жатыр.
Жанболат: Бізді анамыз қалай тәрбиеледі? Мен сол кісілерден көрген тәрбие мен сыйластықты Жазираның бойынан көрдім. Екеуіміз бауыр басып, отбасын құрдық.
Фото: instagram.com/via_assyl_official/
Ғалия Мұратова: Жолдасыммен алғаш танысқан кезде, мені анасына қатты ұқсататын. “Қатты ұқсайсыздар, ойлайсыздар, сөйлейсіздер” дейтін. Қазір өзімнің енеме ұқсайтынымды байқаймын.
Фото: instagram.com/akerke_tazhibayeva/ (суреттегі анасы)
Ақерке Тәжібаева: Алғаш көрген кезде мүлдем ұқсамаймыз деп ойладым. Бірақ бір айдың көлемінде енеме қатты ұқсайтынымды байқадым. Әсіресе пысықтығымыз ұқсайды. Енемнің үш баласы бар. Кімнің үйінде тұрғысы келетінін өзі таңдайды. Үйде барлығын өзім жасаймын. Ол кісі тазалыққа құмар жан. Айтқан қалжыңдарыңды түсінеді, қазіргі заманға бейімделген.
Фото: instagram.com/aidayissaeva/?hl=ru
Айдай Исаева: Ұқсастықтарың бар деп айтып жатады. Ол кісі өте жуас әрі тәрбиелі адам. Мүмкін осы мінезімізде ұқсастық бар шығар. Біз ата-енемізбен бірге тұрмаймыз. Олар мені туған қыздарынан артық көреді. Жолдасым бізді үш жыл жүрген соң үйленердің алдында таныстырды. Енем тамақ жағынан өте талғампаз адам. Сондықтан анамыз үйге келген кезде тамақтардың барлығын дәмді етіп әзірлеуге тырысамын. Оңтүстіктің қызы болған соң таңертең сәлемімді саламын. Ерекше сыйлап, жақсы көремін. Барлық жағынан көмектесіп отырады.
Сурет: вконтакте желісінен
Шолпан Бейсенова: Шынымды айтсам, біз өте қатты ұқсаймыз. Кейде анамнан гөрі енеме қатты ұқсайтынымды байқаймын. Бастапқыда бұлай болмаған еді, алты жылдан бері кей қасиеттері бойыма сіңіскен сияқты. Сол себепті “Келін қайын ененің топырағынан” деген мақалға сенемін. Әңгімелесіп отырған кезде ойларымыздың да бір екенін байқаймын. Құдайға шүкір, бізде барлығы жақсы.
Фото: instagram.com/aiymsm/
Данагүл Темірсұлтанова: Ата-енем, Азат төртеуіміз қонаққа баратынбыз. Сол кезде бізді қатты ұқсататын. Әрине, бой жағынан емес. Ол кісі баласы секілді бойшаң адам. Мен 18-19 жасымда емес, оң-солымды ажыратып, 25 жаста тұрмысқа шықтым. Үйде ерке болсам да, жаңа үйімде көргендерімді үйренуге тырыстым. Ал енем “Сен мынаны дұрыс жасамадың” деп ешуақытта айтқан емес. 1-2 жылдай бірге тұрдық. Отбасының нені жақсы көріп, не дайындайтынын білдім. Бір шетінен өзіме де қызық болды. Кәдімгідей жауапкершілікті сезіне бастадым.
Алғашында келін болып түскен кезде аяғым ауыр болды. Қонаққа барғанда енем маған емес, туысқан абысындарымызға шай құйғызатын. Сонда абысындарым “Неге өз келініңіз құймайды?!” дейтін. Енем “Даночкам, аман-есен босанып алсын, сосын шайды өзі құятын болады” деп мені қорғап алған болатын. Мұның барлығы ұсақ-түйек нәрселер шығар. Бірақ сыйластық осыдан басталады. Басқа үйден келген баланы құшақ жая қарсы алу керек.
Сурет: вконтакте желісінен
Гүлшат Тутова: Бетімді ашқан кісі “Қайын енесінен аумай қалыпты” деген болатын. Біз өте қатты ұқсаймыз. Енем мен атамның қолында тұрдым. Маған қатты қиынға соқты деп айта алмаймын. Өзім үйде ерке қыз болғандықтан, үлкен көмек болды. Тамақ істеп, нан жауып, сиыр сауа алмайтын едім. Сеператордан қаймақ тартуға дейін үйреніп, қатқан қазықтай келін болып шықтым. Енең мен атаңның қолында тұрған жақсы емес пе?! Босанып жатсаң балаңа қарайды. Әрдайымды жоғыңды жасырады. Оның үстіне жаңадан отбасы болып түскен кезде бірден малды болып қалмайсың ғой.
20 жаста келін болып түстім. Қазір қыздарым жиырмада, әлі де бала сияқты. Сол кезде менің де тірліктерім шала болған шығар деп ойлаймын. Маған соның барлығына енем көмектесті. Гастрөлдік сапарға кеткен кезде де, балаларымызға енем қарайлап қалды. Ене деген – сені ұрламайтын да, жырламайтын да сенімді адамың.
Фото: instagram.com/zhorabayeva_ayaulim/?hl=ru
Талғат Жорабаев: Өнер жолына түскен соң ауылда тұрып жатқан ағам ата-анама өзі қарап қалатындығын айтты. Мені үйде тұрмайды деп ойлады. Маған “Қалаға барып, оқып-шоқып өнеріңді жалғыстыр” деді. Кейде келіндеріңіз деп ашуланып қалсам, жұбайымды жақтап шыға келеді. Алтынай екеуі өте жақын араласады. Мұнымен қатар, ауылға барған кезде таңертең шайларын әзірлеп, есік алдын сыпырып қояды.
Фото: instagram.com/aigul_imanbaeva/?hl=ru
Айгүл Иманбаева: Алысқа бармай-ақ қояйын. Келіннің “а” десе, “мә” деуін өз басымыздан өткіздік қой. Тіпті анамның бетіне шапшып сөйлеген кездері де болды. Сол себепті қыздың шыққан тегіне көп қарау керек. Оның өтірік сызылып, басына әдемілеп орамалын тағып, жұрттың көзінше сіз деп, былай келіп ойына келгенін жасау дегенді түсінбеймін. Қазіргі жастардың басында кездесетін дүние.
Баламның жеке өмірін қадағалап, мән беремін. Әсіресе, отбасын құратын кезде қызына да, әке-шешесіне де мән беремін. Менің келінім шынайы, ішінде бір саусағы өтірік бүгіліп жатпайтын, артыңнан пышақ салмайтын адам болуы тиіс. Ал өзімнің қандай ене болатынымды уақыт көрсетеді. Барлығы ұлым екеуіне, түсініспеушіліктің тігісін жатқызатын келінге байланысты.
Фото:instagram.com/kydyrali_bolman/?hl=ru
Қыдырәлі Болманов: Баламның жеке өміріне араласамын. Өйткені адам баласы текті және тексіз болып екіге бөлінеді. Алла тексіздіктен сақтасын. Бала оның текті, тексіз екенін білмейді де. Сондықтан мұның барлығы баяғыдан келе жатқан үрдістер ғой. Қалжыңдап ұлымды ұнатып жүрген достарымыз, бізге ұнап жүрген қыздарымыз бар. Өзімізге құда-құдағи боламыз деп әзілдеп қоямыз.
Жіберіп алмаңыздар:
Қазақстандық жұлдыздар киімнен ақшасын үнемдеу үшін қандай құйтырқылыққа барады
Тест: Қазақстандық жұлдыздарды күлкісінен тани аласыз ба