Қазақстандық жұлдыздар өздерін балағаттайтындарға қатысты пікір білдірді
Қазақстандық жұлдыздар өздеріне айтылатын немесе жазылатын жағымсыз пікірлерге қатысты ойларын бөлісті.
Бұл туралы “Әйел бақыты” бағдарламасында айтылды.
Нұрлан Албан:
Маған әлеуметтік желіде түрлі сұрақ қояды. Олардың осы сұрақтары жауапсыз қалған соң балағаттап, жеті атаңды түгендеп, қара аспанды төндіріп, сені сорлы қылып жіберетін нешетүрлі пікір қалдырушы болады. Сондай салым суға кетіп, орманым өртеніп кететіндей сөз ести қойған жоқпын. Әрине, тырнақтың астынан кір іздеп, болмашы нәрсеге өкпе айтатын немесе балағаттайтын адамдар болады.
Дана Кентай:
Кішкене ашық киінгеніңді байқап қалса, «бұл қазақ қызына тән емес, «мұсылманға тән емес» деген сияқты пікірлер көптеп кездеседі. Көңілге тиетін кездері де болады. Сол себепті олқылықтарымызды дұрыстауға тырысып жатамыз. Кейбіреулерінің мән-мағынасы болып жатады. Мысалы, Арман Қоңырбаев қатысқан бейнебаяныма қатысты көп пікір айтылды. «Сіз Арманмен мүлдем үйлеспейсіз», «Арман тек Ашамен жарасады» деген сияқты. Жалпы ұрыспайық, бір-бірімізден жақсы пікірімізді аямайық.
Өмірқұл Айниязов:
Бізге қарағанда қыз балалар өте нашар сөздер, балағаттар, боғауыздар көп жазатынын байқаймын. Барлығын оқымасам да, кей кісілер «Саған осындай пікір жазылыпты» дегендей айтып жатады. Мұны мәдениетсіздік деп білемін. Бетіне айта алмаған соң біреуден естігендерін айту немесе ойлап шығару дегендерді дұрыс емес деп білемін. Абай болайық, мәдениетті болайық!
Дос:
Өнердегі адамдар бір-бірімен ұрысып қалып жатса, «Ойбай, ана сорлы осылай жасапты ғой» деп жазып жатады. Бірақ мұндай нәрсе өздерінде, әрбір үшінші адамда кездеседі. Бірақ өнер адамы ағаттық жіберсе, шалқасынан құлап жатады.
Тәуекел Мүслім:
Бір ақпаратпен немесе қуанышыңмен бөліскен кезде «Ойбай, мақтанып не болды?! Басқа істейтін ісің жоқ па?» деген сияқты көптеген пікірлер жазылады. Кейде өзіңе ұнаған бір суретіңде салсаң, «Мынау да қоймады, қыз құсап суретке түсіп сала беріп» дегендей де сөздер жазылады. Мен пікірлерге аса қатты мән бермеймін. Бір-бірімен ұрысып, тоқтамай сөз таластыратын болса, міндетті түрде өшіріп тастаймын.
Жіберіп алмаңыз:
Бет-аузы көгерген Қайрат Нұртас тыңдармандарын шошытты
Жезқазғандық баланы көпшілік екінші Димаш деп атады (видео)