Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық отбасы жетімдер үйінен бала асырап алды, бірақ туған анасы сәбиін қайтып алмақ болып шешті

Қазақстандық отбасы бір жыл бұрын асырап алған балаларын өздерінде алып қалу үшін жанталасып жүр. Ал кезінде сәбиді керек етпей тастап кеткен туған анасы енді баланы қайтарып алғысы келіп жүр екен.

4454

Бұл туралы “Евразия” арнасы хабарлайды.

Сот биологиялық ананың жағында болғанымен, асырап алушы тарап ондай шешіммен келіспейді. Гүлжан мен күйеуі ұзақ жылдар бойы сәбилі болуды армандап келген. Ақыры бұл армандары оларды балалар үйіне жетелеп әкеліпті.

“Мамыр айында бізге Жеңіс деген баланы көрсетті. Ол бізге бірден ұнады да, асырап аламыз деп шештік. Оның анасы материалдық жағдайы дұрыс болмағандықтан баланы тастап кеткен екен”, – дейді асырап алған анасы Гүлжан Қилыбаева.

Алғаш көрсеткен кезде Жеңіс тым арық, әлжуаз болыпты. Ал қазір оның денсаулығы жап-жақсы. Әуелі қамқорлыққа алу туралы ереже аясында құжат рәсімдеп, енді асырап алуды заңдастырамыз деп жүргенде баланың туған анасы қайта ойланып, оны қайтарып аламын деп шешіпті. Ол баланы тастап кету себебін туғаннан кейінгі күйзеліске түсуімен байланыстырған.

Жеңістің туған анасы сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен, оның бірнеше жылдар бойы интернатқа орналастырып қойған бір қызы бар екені де белгілі болды.

“Ол қызына да лайықты тәрбие беріп отырған жоқ. Ол интернатта болғандықтан, анасы үнемі көрмейді. Ондай жағдайда қандай аналық махаббат болады. Бұл ретте екінші баланы бере салудың өзі оғаш”, – дейді Медеу аудандық білім бөлімінің бас маманы Айткүл Кемебаева.

Сот үкімін орындамағаны үшін Гүлжанға айыппұл салынған. Алайда ол баланы беруден бәрібір үзілді-кесілді бас тартып отыр. Енді ол Жоғарғы сотқа шағымданып жатыр.

“Егер неке және отбасы туралы кодексті қарайтын болсақ, қамқоршының биологиялық анасына қарағанда мүмкіндігі аз. Бірақ, әр жағдайды жеке қарастыру керек. Жоғарғы сот мәселені қарастырады”, – дейді заңгер Жангелді Сүлейменов.

Талқылау