Әйелі сотталған қазақстандық азамат қызын тастап, көлікті алып қашқан
Бірнеше жыл бұрын істі болған қазақстандық келіншек заңгерлерден көмек сұрады. Ол түрмеде отырған кезде күйеуі балаларының жәрдемақысын өз атына жаздырып, артынша балаға қарамай қойған екен. Мұнымен қатар, келіншек өзінің сотталып келгенін қызына айта алмай жүргенін тілге тиек етті.
Бұл туралы «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды.
Бағдарламаға келген Айдана есімді кейіпкер өзінің қиын тағдыры туралы айтып берді. Ол 2010 жылы құрбысымен бірге қаржы пирамидасымен айналысқан. Артынша істерінен шикілік шығып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Бүгінгі таңда тұрақты жұмыс таба алмай қиналып жүр екен. Ал 8 жасар қызы анасының сотталып келгенін білмейді.
«Бұл да Алланың сынағы шығар. Тағдырыма мойынсұндым, көндім. 2007 жылы бір кездегі репрессия жылдарындағыдай әйелдерді қамау көбейіп кетті. Соның біріне мен іліктім. Бастапқыда құрбым қаржы пирамидасын ашты. Маған оның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Өзіме ұнағандықтан, бірге жұмыс істеуге келісімімді бердім. Мұндай пирамидалар қазір де бар. Бірақ олар ретке келтірілген. Осылайша құрбым екеуіміз оңай жолмен көп ақша табудың жолын іздедік. Оның үстіне мұғалімнің жалақысы аз. Әлі жас болғандықтан, жүріп-тұрғымыз келді.
Мен ақшаны алып, құрбыма әкеліп беріп жүрдім. Ал ақшаны алған адамдарға өзім қолхат жазып бердім. Ақыры алаяқтық бабымен сотталдым. Құрбымның бұл іске тікелей қатысы бар екенін маған дәлелдеу қиынға соқты. Алланың көзі түзу екен. Жуырда ол да сотталды. Мен елдің үмітін ақтай алмадым. 5 жылға бас бостандығымнан айырылып, түрмеде 4 жыл отырдым. Шымкентте жалпы режимдік колонияда жазамды өтедім. Өмірім дейін және кейін болып екіге бөлінді. Менің істі болғанымды әкем көтере алмай қайтыс болып кетті. Шешем жалғыз қалды. Өзімнің бірге туған әпкем ғана бар. Менің жанымды түсінетін, керек кезде жанашырыма айналатын жан», – дейді Айдана ханым.
Келіншекті аталған бағдарламаға әпкесі жіберген екен. Алайда Айдана ханым жұрттан ақша немесе басқа көмек сұрауға келмепті. Тек тілшілерден білімді заңгер тауып беруді өтінген-ді. Заңгер күйеуінен баласының жәрдемақысын қайтару үшін қажет екен.
«Өзімді жариялап, елден көмек сұрау үшін келген жоқпын. Менің өз арманым, өз ойым бар. Соларды жүзеге асырғым келеді. Түрмеде отырған көптеген қыз-келіншек осы шындықты жұртқа жария етуімді күтіп отырған шығар. Шыны керек, бізді қоғам қабылдамайды. Үркіп қарайды. Мен үкіметтің жұмысы туралы жақ ашпай-ақ қояйын. Қарапайым адамдардың өзімен жұмыс істеу қиын. Қамалмай тұрып тұрмыста болдым. Адамдар үстімнен арыз жазған кезде екі айлық қызым бар еді. Күйеуім соны біле тұра түнімен қашып кетті. Қызымды емес, көрікті алып қашты.
Неге олай жасады? Мен тапқан ақшаның рахатын ол да көрді емес пе? 4 жыл бойы қызыма анам қарады. Қызым мені әлі күнге дейін алыс бір жерде жұмыс істеп келді деп ойлайды. Шындықты айтпадым. Қамауда отырғанымда күйеуім менен қыздан заңды түрде бас тартуымды талап етті. Амалсыз алименттен бас тарттым. Бірақ қызым өзімнің қолымда. Осы жағдайда кімнің алаяқ екенін өзім түсінбей тұрмын. Сіздерден сол туралы сұрауға келдім. Жалпы түрмеден шыққаныма екі жыл болды. Заңгерлерге барсам да, бұл мәселені шеше алмай жүрмін», – дейді келіншек.
Тікелей эфирде Ләйлә Сұлтанқызы бағдарламаның тұрақты заңгерінен көмек сұрады. Заңгер Айнұр Махметқызы өз кезегінде аталған істі қолға алатындығын жеткізді.
«Баланың туу туралы куәлігінде әкесінің аты жазылған болса, араларыңыздағы неке заңды болса, оған қамқорлықты қалай беріп жүрсіз? Себебі, туған әкесі онсыз да баланың қамқоршысы. Баладан бас тарта алмайды. Оның үстіне сіз отбасылық құқық бұзушылық бойынша сотталып отырған жоқсыз. Сізді аналық құқығыңыздан да ешкім айыра алмайды. Ал әкесінің жаңағы сіз айтқан әрекеті заңсыз. Бұл жерде құқық бұзушылық орын алып отыр. Сіздің жеке бостандығыңыз бар. Сотқа арыз жазып, жәрдемақыны өз атыңызға тағайындаңыз. Ол осы уақытқа дейін жәрдемақыны ала отырып баласына қарамағаны үшін жауап беруі тиіс. Мұны дәлелдеу де қиын емес. Сіздің анаңыз және көршілеріңіз сотта куәлік ете алады», – дейді Айнұр Махметова.
Айдана ханымның бұдан өзге де қиындығы бар екен. Ол әлі күнге дейін жұмыстағы бастықтарынан жалақысын ала алмай жүргенін айтып налыды. Жұмыс берушілер Айдана ханымның бұрын істі болғанын жиі пайдаланады екен.
«Бостандыққа шыққалы қызымның жанында тек екі ай болдым. Анам 67 жастағы қарт кісі. Менің үйде отыруға мүмкіндігім болмаған соң, Астанаға жұмыс іздеп келдім. Екі-үш жұмыста қатар істеп жүрдім. Барлығы алдымен сотталмағаным туралы анықтама сұрайды. Мені үкіметтің жұмысына мүлдем жолатпайды. Негізі ұйымдастырушылықпен айналыса аламын. Аспаз, даяшы, мұғалім болу да қолымнан келеді», – дейді істі болған келіншек.
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
Күйеуінен күдіктенген әйел оның қалтасына мүшеқап салып беріп жүр
Қазақ жігіті салақ әйеліне үй шаруасын үйрете алмағанын айтып налыды
Ақтөбелік әйел күйеуінің опасыздығына көз жұмған құрбысына ашуланды
Қазақстандық келіншек бірнеше әйелді жүкті қылып, мүлкін тартып алған алаяқтан сақтандырды