Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Дубайда алынған": ForteBank клиенті картасындағы 300 мың теңгесінен жұмбақ жағдайда айырылғанын айтты

Коллаж: Stan.kz

Қазақстандық есепшотына түскен 300 мың теңгеге жуық ақшасы белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиғаны Айару Шайтымақова есімді қыз Threads парақшасына жазды. Айтуынша, жағдай 30 сәуір күні болған. 

"30 сәуірде Forte банк карточкаға 290 мың теңге жалақым түсті. Бірнеше минуттан соң, яғни сағат 16:25-те барлық сома есепшотымнан алынды. Дегенмен бұл транзакцияны мен орындамадым, растамадым. Тіпті карта мәліметтерімді үшінші тұлғаларға бермедім, күдікті веб-сайттарға енгізбедім. ForteBank-тен ешқандай SMS, қоңыраулар, растау кодтары немесе push-хабарламалар алған жоқпын. Карта тек өзімде болды. Оған ешкім қолжеткізе алмайтын", – дейді қыз. 

Сондай-ақ ол ақшаның Дубайда алынғанын жеткізді.

"Мен Қазақстанда, Таразда тұрамын. Алайда ақша Дубайда алынды. Дереу байланыс орталығына хабарласып, мән-жайды білуге тырыстым. Байланыс орталығы ақшаны терминалдан карта арқылы алып, картамды бұғаттап тастағанын жеткізді. Мен дереу арыз жазып, жасалған операциямен келіспейтінімді білдірдім. Келесі күні Тараз қаласындағы Forte Bank-ке бардым. Олар ақшаны терминалдан QR арқылы алғанын айтты. Тағы да арыз жаздым, дегенмен оны қабылдамады”, – деп жазды ол. 

Қыз банктен ресми жауап беруін талап еткен. Дегенмен олар әлі күнге дейін нақты жауабын бермепті. 

"Байланыс орталығына хабарласып, ақшаны қалай кері қайтаратынымды сұрадым. Олар банк кеңсесіне барып, сол жерден алуға болатынын жеткізді. Сол күні Whatsapp арқылы қосымша чат ботқа жаздым. Дегенмен олардан "өтінішіңізді банк қабылдамады" деген жауап келді. Олар толығырақ мәлімет бермеді. Тағы келіспеймін деп арыз қалдырдым. 8 мамыр күні Тараз қаласындағы банкке бардым. Олар карта бұғатталғандықтан, ақшаны қайтара алмайтынымды айтты. Ақша банкке қайтарылған кезде ғана ала алатынымды жеткізді", – дейді қыз. 

Әбден әбігерге салынған қызға банк қызметкерлері әртүрлі жауап берген. Бірі ақшаны ала аласыз десе, енді бірі енді қайтара алмайтынын жеткізген. 

"Байланыс орталығы қоңырауыма жауап бермейді. Жауап берген күнде дөрекі сөйлейді, сұрақтарыма нақты жауап бере алмайды. Менеджер өтінішімнің әлі қаралып жатқанын айтты. 1 сәуірде картамнан белгісіз біреудің ақша аударып алмақ болғанын жеткізді. Банк мұны маған хабарламақ болыпты. Алайда телефон көтермеген соң, хабарламаған. Үнемі айлығымды Kaspi bank қосымшасына аударып отырамын. Ақшаны бір-ақ рет терминал арқылы шешіп алғанмын. Меніңше банк өз клиенттерін қорғай алмайды. Оның үстіне ресми жауап бере алмайды", – дейді қыз. 

Қыз осы жағдайдан соң денсаулығы күрт нашарлап, уайымға салынғанын жеткізді. Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Forte банктен мән-жайды сұрап білді. 

“Банк әрбір клиенттің өтінішін қарап, клиенттерімен туындаған жағдайларға байланысты шарттарды мұқият зерделейді. Банк өз клиенттерінің жеке деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығына үлкен мән береді. Банктік құпияға қатысты банк заңнамасының талаптарын орындау мақсатында, оның ішінде клиент туралы және ол жүзеге асырған операциялар туралы мәліметтер Банк клиентіне тікелей нақты жағдай бойынша егжей-тегжейлі түсіндірмелер жіберіледі”, – делінген хабарламада. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 18:46
Талқылау