Қазақстандықтарға автокөлік пен үйлерді лизингке алу мүмкіндігі берілмек
Мәжіліс Қазақстанда жеке тұлғалар үшін лизинг енгізуге бағытталған заң жобасын жұмысқа қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Енді қаржылық жалға алу мүмкіндігі тек кәсіпкерлер мен ірі компаниялар ғана емес, қарапайым азаматтарға да берілмек.
Лизинг — бұл ұзақ мерзімді жалға алу түрі, онда жалға алушы (лизинг алушы) мүлікті кейін сатып алу мүмкіндігімен пайдала алады. Қарапайым несиеден айырмашылығы, лизингте мүліктің меншік құқығы толық төлем жасалғанға дейін лизинг берушіде қалады.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл классикалық несие рәсімдемей, автокөлік, жылжымайтын мүлік немесе құрал-жабдықты бөліп төлеуге сатып алу тәсілі.
"Заң жобасы кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын жеке тұлғаларға лизингті қолдануға мүмкіндік беруді ұсынады. Бұл жылжымайтын мүлік пен көлік сияқты активтерге қолжетімділікті арттырады. Сондай-ақ лизинг нысаны ретінде тек мемлекеттік тіркеуге жататын объектілер қарастырылмақ", — дейді мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.
Егер заң қабылданса, жеке тұлғалар пәтерлерді, жеке үйлерді және автомобильдерді лизингке рәсімдей алатын болады. Тұтынушыларды қорғау мақсатында келісімшарт бойынша төлем 90 күннен артық кешіктірілсе айыппұлдар мен пайыздардың есептелуіне тыйым салынады. Сонымен қатар лизинг алушыларға мүлікті мерзімінен бұрын қайтаруға және қалған міндеттемелерден бас тартуға мүмкіндік беріледі.