Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың табысы былтыр төмендеп кеткен: Жалақыны көтеру үшін қандай шаралар орындалмақ

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда 2025 жылы халықтың нақты табысы төмендеп кеткенін мәлімдеді. Енді үкімет табысты арттыру үшін жалақыны көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға уәде етті. Айтуларынша, азық-түлік бағасы мен бірқатар шығындардың бағасын төмендетеді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бюроның мәлімтінше, халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы 238 070 теңге болған. Табыс өткен жылмен салыстырғанда инфляцияны ескергенде -1,1% болған.

Халықтың табысы аздап төмендеді. Экономика өсіп жатса да, ол ақша әр адамға бірдей жетпей отыр. Сондықтан үкімет жұмыс орындарын көбейтіп, жалақыны өсіруді жоспарлап отыр.

Халық табысы неге төмендеген?

Халықтың табысының төмендеуінің тағы бір себебі –  компаниялардың табысы қанша көбейсе де, жалақыны өсіріп жатқан жоқ. Сарапшылардың айтуынша, компаниялардың жартысы ғана жалақыны 10%-дан көп өсірген. Кейбіреулері оны бұрынғы деңгейде қалдырған. Сондықтан экономика өссе де, бұл өсім жұмысшылардың қалтасына баяу жетеді.

Жалақы компаниялардың тұрақты шығындарының бірі. Ірі кәсіпорындар бюджетті құру кезінде әртүрлі тәуекелдерді ескереді. Қазіргі кезде бұл тәуекелдердің көпшілігі сыртқы факторларға байланысты: логистиканың үзілуі, геосаяси тұрақсыздық, санкциялар, әлемдік баға мен валюта бағамының өзгеруі. Сол себепті бизнес жалақыны жылдам көбейте алмайды.

Қазақстанда жалпы экономикадағы (ЖІӨ) жалақының үлесі шамамен 31% ғана. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40%-дан жоғары. Сонымен бірге халықтың табысы тек жалақыдан ғана емес, зейнетақы, жәрдемақы және басқа да төлемдерден құралады. Сол себепті экономикалық өсім әрдайым адамның қалтасына бірдей әсер етпейді.



Халықтың табысы қалай аратады?

2025 жылғы 4 тоқсанның қорытындысына қарағанда, халықтың табысы бірнеше көзден келеді: жалақыдан – 8,3%, зейнетақыдан – 17,9%, жәрдемақыдан – 3,3% және тағы басқа көздерден.

Үкімет халықтың нақты табысын 2028 жылға дейін жылына 2–3% өсіруді көздеп отыр. Бұл үшін инфляцияны төмендетіп, бағалардың өсуін баяулатуға бағытталған шаралар іске асырылмақ.

“Коммуналдық қызметтер мен жанармайдың тарифін көтеруге мораторий енгізілді. Бұл инфляцияны тұрақтандыруға көмектесті. 1 сәуірден бастап тарифтер ұстамды түрде өсіріледі. Азаматтардың қаржылық жүктемесі аз болады. Әлеуметтік осал топтарға арналған қолдау сақталады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен кейбір қызметтердің бағасы 70%-ға дейін төмендетіледі”, – деді Ұлттық экономика министрлігі.

Министрлік бюджет шығыстары қатаң бақыланып, Ұлттық қордан берілетін қаражат қысқартылып, 2026 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге 2,5%-ға, 2028 жылы 0,9%-ға дейін төмендетілетінін айтып отыр. Сонымен бірге, халықтың табысын арттыру үшін жалақыны көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, коммуналдық және ауыл шаруашылық қызметкерлердің жалақысын көбейту, экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдау және ірі компаниялардың әлеуметтік жобаларын іске асыру шаралары жүзеге асырылатынын жеткізді.

STAN.KZ
Сенбі, 04 Сәуір, 2026 10:00