Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың несиесі жаппай кешірілсе, не болады? Экономист түсіндірді

Қазақстандықтар арасында ара-тұра "қара халықтың несиесі кешірілсін" деген ұран жиі айтылады. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ел халқының банктерге берешегі шамамен 5 триллион теңгені құрайды. Ал мұндай үлкен соманы банктер кешіре ала ма? Әлде үкіметтің қауқары жете ме? Мақсат Халық бұл туралы журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты. 

"Бұл жерде маңызды сұрақ бар. Несиені кім кешіру керек? Үкімет деп айтамыз, демек, бюджет есебінен... Ал бюджет – ол халықтың салығы, ақшасы. Өз бюджетіміздің шығынын қарасақ, 15 трлн теңге. Ал халықтың тұтунышылық несиесі 5 трлн теңгеге жуықтайды. Сонда үштен бір бөлігін кешіруге жұмсау керек пе?" –  деді экономист. 

Маман "Несиені үкімет емес, неге банктер кешірмейді?" деген сауалға жауап іздеп көрді. 

"Банктерде ақша негізінен депозиттен құралады. Ол да сол жаққа салған халықтың ақшасы. Банк толық кешіретін болса, онда депозитке салып отырған азаматтарға: "Сіздің ақшаңызды қайтармаймыз", – деп айту керек. Нарықтың осындай заңдылықтары бар", –  дейді Мақсат Халық.

Ол бүкіл халықтың несиесін кешірген жағдайда, банктердің банкротқа ұшырайтынын айтты. Ал расымен қаржылық қиындықтарға тап болып, несиесін төлеуге шамасы жетпейтін адамдар қайтпек керек? Экономистің айтуынша, банкроттық туралы заң қабылдау ең дұрыс шешім болар еді. 



"Қазір банктер былай жұмыс жасайтын болған: 90 күннен асты ма, бірден коллекторларға бере салады. Ал оларға өтіп кеткеннен кейін, үкімет кешірді дегеннің өзінде, несие кешірілмейді. Банктің есепшотында тұрған несиелер кешірілуі мүмкін, ал ана жағдайда жеке шешілетін мәселе болып қалады. Осындай көптеген қарама-қайшылықтар бар. Ең үлкен дұрыс шешім – несиені кешіру емес, банкроттық туралы заң қабылдау", –  деген экономист мұндай тәжірибенің әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде көршілес Ресейде соңғы екі жылдан бері қолданылып келетінін жеткізді.

Бұл заңның артықшылығы сол, азаматтың төлем қабілетінің шектелгені я жалған айтып отырғаны шынайы тексеріледі дейді маман. Тағы бір атап өтерлік жайт, борышкерді жалғыз баспанасынан айырмайды. Өкініштісі сол, соңғы жылдары талқыланып жатқан заң жобасының қабылдануы ұзаққа созылып кетті. Ал кемшілігі, банкрот деп танылған азамат екінші қайта несие ала алмауы мүмкін. 

Ал заң қабылданса, үкімет те соның аясында халыққа көмек көрсете алар еді, дейді маман.  

"Халыққа үкімет жақтаса алатындай және де азаматы да "мені қорғайтын үкіметім бар" деп ойлайтындай жағдай туу үшін арнайы заң керек", – деді Мақсат Халық.

Экономист аталған сұхбатында қазақстандықтардың неге арабтар сияқты шалқып өмір сүрмейтінін түсіндірді.

Талқылау