Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың мобильді деректері тағы бір органға беріледі

 

дерекФото: istockphoto.com

Қазақстанда ұялы байланыс операторлары қазақстандықтар туралы иесі көрсетілмеген деректерді статистика саласындағы мамандарға береді. Тиісті заңды бүгін сенат екі оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттар инновациялық қызмет пен мемлекеттік статистика саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді қарады. Құжат сондай-ақ байланыс туралы заңға ұялы байланыс операторларын статистиканы қалыптастыру үшін абоненттер туралы деректерді беруге міндеттейтін түзетуді қамтыды. Бұл ретте әзірлеушілер қазақстандықтардың дербес деректерін қорғауға уәде береді.

Сенатор Алтынбек Нұхұлы абоненттер туралы деректер халықтың қозғалысын, көші-қон және туристік ағындарды талдау үшін қажет екенін айтқан Ұлттық статистика бюросының өкіліне сұрақ қойды.

"Неліктен сіз байланыс операторлары арқылы абоненттер туралы деректер жинау қажет деп есептейсіз? Бұл талаптар байланыс операторларына қосымша қаржылық шығын жүктейді, бұл өз кезегінде олардың тарифтік саясатына кері әсер етуі мүмкін. Түптеп келгенде, халық үшін байланыстың қымбаттауына әсер етеді. Осыған байланысты мынадай сұрақ қойғым келеді. Көші-қон және туристік ағындарды талдау үшін статистикалық ақпаратты алудың басқа тәсілдері жоқ па?" – деп сұрады депутат.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев бұл мәселе соңғы екі жылда, соның ішінде Қазақстанның ұялы байланыс операторларымен тығыз ынтымақтастықта зерттеліп жатқанын айтты.

"Жалпы бізде баламалы деректер бар. Біз оларды қазір мемлекеттік органдарда пайдаланамыз. Мемлекеттік органдардан да ақпарат аламыз. Кеден комитетінен де аламыз. Кеден қызметінің ақпараты бойынша, 2024 жылдың қорытындысымен бізге 7,1 миллион турист келді. Кәсіпкерлер есебі бойынша 1,3 миллион турист келген. Демек, біздің статистикамызда 5 миллионнан астам турист түсіп қалады, яғни олар статистикадан тыс қалады", – деп түсіндірді Мақсат Тұрлыбаев.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл саладағы нақты және сапалы мәліметтерді дәл ұялы байланыс операторлары бере алады.

"Мысалы, былтыр бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Астанаға іштен 294 мың турист келді. Ал байланыс операторларының деректері бойынша олардың саны 542 мыңды құраған. Сондықтан байланыс операторларының мәліметтері дәл және біз осындай мәліметтерді алу қажет деп есептейміз", – деді бюро басшысы.

Сондай-ақ ол Қазақстанда байланыс операторлары үшін қосымша шығыстар болмайтынына үміттенетінін айтты. Бірақ деректерді әлі талдау керек.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 11 Қыркүйек, 2025 13:12
Талқылау