Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың материалдық жағдайы нашарлаған - Ұлттық Банк

Ұлттық банк жүргізген сауалнама бойынша соңғы айда қазақстандықтардың материалдық жағдайы нашарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

“Қараша айына арналған сауалнама нәтижесі бойынша халықтың тұтыну көңіл-күйінің индексі 111-ге дейін төмендеді (2024 жылғы қазан — 114,7). Алдағы 5 жылға елдің даму перспективаларын бағалау 5,2 пунктке төмендеп, 101,8-ге түсті. Сонымен қатар жеке материалдық жағдайдың алдағы бір жылдағы өзгеруін бағалау 3,7 пунктке төмендеген. Қазіргі жағдайды бағалауда сауалнамаға қатысқандардың кейінгі жылы жеке материалдық жағдай көрсеткіші 5,3 пунктке төмендеп, 99,3-ке жеткен. Ал қомақты қаржыға сауда жасауға дайын болу 8,9 пунктке төмендеп, 103,5 болды", — деп жазылған сауалнама қорытындысында.


"Айына 40-45 мың теңге": Шымкентте қымбаттаған коммуналдық қызмет құнына тұрғындар наразы


Сауалнамаға қатысқандардың 68,2%-ы қарашада азық-түлік тауары қымбаттай түскенін сезінген. Қазан айында осылай жауап бергендердің үлесі 64,6% болған еді. Ал азық-түліктік емес тауарлардың бағасы өскенін сауалнамаға тартылғандардың 13,4%-ы сезінген. Жауап берушілердің көбі қараша айында әсіресе жеміс-жидек пен көкөніс, ет және сүт өнімдері, дәрі-дәрмек, киім мен аяқкиім, тұрмыстық химия қымбаттағанын айтқан.

"Алдағы 12 айдағы халықтың инфляциялық болжамдары әлі де құбылмалы. Қарашада көрсеткіш қайтадан 14,1%-ға дейін өсті. Соңғы айларда инфляциялық болжам теңгенің номиналды айырбас бағамының өзгеруі және жылдық инфляцияның баяулау қарқынының тұрақтылығы төмендеуі аясында қалыптасып отыр. Сонымен қатар елдің даму перспективалары мен жеке материалдық жағдайға қатысты бағалаулардың төмендеуі есебінен тұтыну көңіл-күйі нашарлап отыр", — деп жазады Ұлттық банк сарапшылары.

Еске салсақ, осыған дейін Ұлттық банк әр аймақта азық-түліктің қаншалықты қымбаттағанын айтқан еді.

Талқылау