Қазақстандықтарды тойға кететін шығынды үнемдеуге шақыруда
Қазақстандықтарды азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты тойлардағы шығындарды үнемдеуге шақыруда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден алынды
Қазіргі таңда той – тек жақындарға арналған қуаныш емес. Бұл – жұлдыздардың қатысуымен өтетін, көз тартатын шоу. Дастарханға сан түрлі ас қойылып, мерекелік шара бірнеше күнге созылуы мүмкін. Оның үстіне, әркім өзгелерден асып түскісі келеді.
Тіпті, дәстүрлі түрде дұға бағыштап, марқұмды еске алуға арналған ас беру рәсімі де байлықты көрсетудің жарысына айналып барады. Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты Әбіләйіс Мұлақовтың пікірінше мұндай тойлар біздің дәстүрімізге жат.
“Жылдық ас беру, 50-60 жылдық мерейтойлар және басқа да жиындар дәстүрді құрметтеу емес, жай ғана көзбояушылық деп есептеймін. 500-600 адамға арналған аста-төк тойлар мен ас беруді тоқтату керек. Машинамен, атпен мейрамханаға кіру – бұл дәстүр емес, оның пародиясы”, – дейді Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты Әбіләйіс Мұлақов.
Ал мұндай тойлардан кейін кейбір отбасылар жылдар бойы несие төлейді. Психологтардың айтуынша, қаржылық қиындықтар отбасындағы махаббаттың сөнуіне себеп болатын негізгі факторлардың бірі.
“Шамадан тыс шығындар болашақта қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде эмоционалдық қысымға, жанжалдарға және тіпті ажырасуға себеп болуы ықтимал. Әсіресе әйелдер үшін қаржылық тұрақтылық пен қауіпсіздік өте маңызды”, – дейді психолог Анастасия Утинанс.
Көпшілік осындай тойлардың салдары туралы ойлана бастады.
“Жақсы өмір сүру үшін әлдеқайда маңызды әрі пайдалы зат сатып алған дұрыс деп ойлаймын, бірнеше сағаттық тойға миллиондап ақша шашқанша”, – дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Назерке Сапан.
Мерекелік шараларды ұйымдастырушы Максим Даренскийдің пікірінше, тойдың кей атрибуттарынан бас тарту арқылы шығынды азайтып, ақшаны маңыздырақ дүниелерге жұмсауға болады.
“Атпен мейрамханаға кіру, көлікпен залға кіру – бұл артық шығын деп ойлаймын. Осының бәріне кететін қаржыны пайдалы нәрсеге жұмсауға болады”, – дейді той ұйымдастырушы Максим Даренский.
Бұл ысырапшылдық мәселесі көршілес елдерде де өзекті. Мысалы, Қырғызстанда бұған дейін тойға шақырылатын адам санын шектеу ұсынылған болатын: ұзату тойына – 100 адам, ал үйлену тойына – 250 адамнан артық шақырмау.
Еске салсақ, осыған дейін каржы вице-министрі Ержан Біржанов енді аста-төк той жасаған адамдар да салық төлейтінін мәлімдеген еді.