Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар отбасын құрмас бұрын арнайы курс оқиды - Заң жобасы

Некеге тұрмас бұрын қазақстандықтарды бір ай көлемінде арнайы курстарда оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров тілшілердің сұрағына жауап берді.

“Бұған дейін отбасын құрмас бұрын қазақстандықтарды емтихан тапсыруға міндеттейді деген ақпарат пайда болған еді. Осының барысы туралы айтып бересіз бе”, – деп сұрады журналистердің бірі. 

Ол мәжілісте қаралып жатқан заңда осыған ұқсас бөлік бар екенін атап өтті. 

“Қазір мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы қарастырылып жатыр және онда осындай бөлік бар. Яғни отбасын құрмас бұрын кемінде бір ай жастарды оқыту жоспарланып отыр. Әзірге қарастырылып жатыр”, – деді Қайрат Телманұлы. 

Спикердің айтуынша, жастарды тәлімгер және психологтар оқытады.

“Олар отбасын құрғысы келетін азаматтармен жұмыс істейді. Әзірге қарастырылып жатыр, әлі бекітілген жоқ”, – деп сөзін түйіндеді спикер. 

 

Талқылау