Қазақстандықтарды азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмысқа алуға тыйым салу ұсынылды
Фото: banki.ru
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов еңбек заңнамасына өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, егер қызметкер іс жүзінде толық жұмыс күні еңбек етсе, жұмыс берушілерге оны азаматтық-құқықтық келісімшарт (АҚК/ГПХ) арқылы рәсімдеуге тыйым салу қажет.
Депутаттың айтуынша, бүгінде көптеген ірі компаниялар қызметкерлерді АҚК арқылы жұмысқа алып, міндетті зейнетақы жарналарын, МӘМС пен еңбекке жарамсыздық төлемдерін төлемеуге тырысады.
"Бір кездері Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер бизнестің адамдарды еңбек шартымен емес, азаматтық-құқықтық келісіммен қабылдауына мүмкіндік берді. Адам нақты жұмыс істейді, бірақ кәсіпкер ретінде көрсетіледі. Осылайша оған аурухана төлемі, зейнетақы жарнасы мен МӘМС төленбейді", - деді Мұрат Әбенов.
Оның айтуынша, бұл жағдай әсіресе ірі мемлекеттік тендерлер алатын компанияларда жиі кездеседі.
"Мемлекет жалақыға, зейнетақыға, МӘМС-ке деп бөлген қаражаттың бәрі сол компаниялардың өзінде қалады. Ал ұсақ жеке кәсіпкерлерге бұл қаражат берілмейді, адамдар толық әлеуметтік төлемсіз жұмыс істеуге мәжбүр. Соңында халық билікке, депутаттарға көңілі толмайды", - деді депутат.
Қазақстанда жасанды интеллект әсерінен 1 миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы ықтимал
Мұрат Әбенов Еңбек кодексіне тиісті түзетулерді жақын уақытта ұсынатынын айтты.
"Уақыты келді. Биыл басқа заңдармен айналыстық, бірақ өңірлерге сапардан кейін Еңбек кодексі мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңды қолға аламын", - деді ол.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған