Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бейбіт аспан, еркін ой және өз арманымды жүзеге асыру мүмкіндігі": Қазақстандықтар тәуелсіздік мерекесінің маңызын айтты

Stan.kz тілшісі қала көшелеріне шығып, тұрғындар арасында тәуелсіздіктің маңызы туралы шағын сауалнама жүргізді. Қазақстандықтар тәуелсіздік мерекесінің қадір-қасиеті туралы айтып, өздері үшін нені білдіретіні туралы ойларын бөлісті.

Көшедегі сауалнама барысында халықтың басым бөлігі Тәуелсіздік күнін еліміздің ең қастерлі мерекесі деп атады. Олардың айтуынша, бұл күн елдің еркіндігі мен бірлігінің, бейбіт өмір мен рухтың символы.

“Біздің отбасымыз Тәуелсіздік мерекесін ерекше ықыласпен атап өтеді. Бір-бірімізді құттықтап, мерекелік көңіл күйде жүреміз. Осы күні кеудемізді ерекше мақтаныш сезімі кернейді. Себебі бұл – менің елім, менің туған жерім, балаларымның өсіп, дамып келе жатқан қасиетті Отаны. Қазір осыны айтып отырып, жүрегімде патриоттық сезім оянып, көзіме еріксіз жас келеді. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін, мектеп қабырғасынан бастап балаларды елжандылыққа тәрбиелеу керек. Өйткені елге деген махаббат әрбір жүректе соғып тұруы қажет”, – дейді.

Ал жастар тәуелсіздіктің арқасында жаңа мүмкіндіктер ашылғанын атап өтті.

“Біз өз болашағымызды өз қолымызбен қалыптастырып жатқан ұрпақпыз. Тәуелсіз елде өмір сүру үлкен бақыт әрі жауапкершілік. Мен үшін Тәуелсіздік – бейбіт аспан, еркін ой және өз арманымды жүзеге асыру мүмкіндігі”, – дейді жас тұрғын. 

Ал зейнеткер Тәуелсіздікті сақтау әр азаматтың борышы екенін айтты.

“Бала күнімізде Тәуелсіз Қазақстанды тек армандайтынбыз. Енді міне сол арманымыз шындыққа айналды. Әр таң сайын көк туымыз желбіреп тұрғанын көргенде, жүрегім мақтанышқа толады. Бұл мереке – ұлттың рухын көтеретін, әрбір қазақтың жанына жылылық ұялататын ерекше күн”, – дейді тағы бір тұрғын. 

Сауалнамаға қатысқан жастардың басым бөлігі Тәуелсіздік күнін мақтаныш және шабыт мерекесі ретінде қабылдайды.

“Тәуелсіздік бізге мүмкіндіктер есігін ашты. Бүгін өз кәсібімді дөңгелетіп, адамдарға жұмыс беріп отырғаным –  соның нақты дәлелі. Бұрын ата-бабамыз арман еткен еркіндік, өз тағдырыңды өзің шешу құқығы қазір біздің қолымызда. Сондықтан бұл мереке мен үшін жай күн емес, елімнің ең үлкен жетістігін еске салатын қасиетті дата”, – дейді кәсіпкер.

Ал әлеуметтанушы Жәния Қоспанованың пікірінше, соңғы жылдары жастар арасында елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухтың артуы қоғамның оң өзгерісін көрсетеді.

“Соңғы жылдары жастар арасында елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухтың артуы, қоғамдағы оң әлеуметтік өзгерістердің айқын көрінісі. Бұл құбылыс – тәуелсіздік ұрпағының ел болашағына бейжай қарамай, өзінің азаматтық жауапкершілігін сезіне бастағанының белгісі. Жастар ұлттық мәдениет пен дәстүрге, мемлекеттік тіл мен тарихқа деген қызығушылығын арттырып келеді. Бұл үрдіс олардың тұлғалық қалыптасуына, әлеуметтік белсенділігіне және ел дамуына үлес қосуға деген ұмтылысына тікелей әсер етеді. Жалпы алғанда, патриотизмнің осылай артуы – қоғамның рухани жаңғыруының, ұлт ретінде ілгерілеуінің басты көрсеткіші”, – дейді маман. 
STAN.KZ
Жұма, 31 Қазан, 2025 09:00
Талқылау