Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар жоғары температура кезінде қысқартылған жұмыс күніне құқылы – Сарапшылар

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы аптап ыстық тұрғындарға ауыр тиіп жатыр. Күндізгі уақытта термометр көрсеткіші +35 градустан төмен түспейді. Мұндай ауа райында кейбір қызметкерлер жұмыс уақытының қысқартылуын талап ете алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаздың келуімен жол жөндеу жұмыстары қарқын ала түседі. Қырық градусқа жақындаған аптап ыстықта, күн астында жүріп, жол жасайтындар ескі асфальтты қырып, жаңасын төсейді. Алайда олардың көбі осындай жағдайда қысқартылған жұмыс күніне құқылы екендерін білмейді.

Заңгер Әсел Серікмұратова ашық аспан астында жұмыс істейтін кез келген қызметкердің қысқартылған жұмыс күніне құқығы бар екенін айтады.

"2022 жылдың 16 ақпанындағы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, ашық ауада дене еңбегін орындауға қолайлы температура 15-26 градус аралығы болып саналады. Егер ауа температурасы 26 градустан асса, онда далада жұмыс істейтін қызметкерлер жұмыс уақытын қысқартуды жұмыс берушіден талап ете алады", – деді заңгер.

Заңгердің айтуынша, аптап ыстық кезінде жұмыс беруші жұмыс уақытын қысқартуға міндетті, әсіресе 12:00-ден 16:00-ге дейінгі ең ыстық уақыт аралығында. Сонымен қатар қызметкерлерге ауызсу, көлеңкеде салқындауға арналған орын және қорғаныш құралдарын ұсынуға тиіс.

Ал дәрігерлер күн сәулесі мен ыстықтан барынша қорғану қажет. Олар адамдарға су тасып жүруге кеңес береді. Алматы қаласының жедел жәрдем қызметіне бір аптаның ішінде 700-ден астам адам жүгінген. Олардың төртеуіне "күн өтуден" диагнозы қойылса, қалғандары гипертониялық кризге шалдыққан.

Алматы жедел жәрдем станциясының дәрігері Любовь Тимощук тұрғындарды мұқият болуға және ыстыққа сезімтал жандарға мүмкіндігінше көмек көрсетуге шақырады.

"Қазір қаламызда өте ыстық күндер өтіп жатыр. Егер бір адамның жағдайы нашарлағанын байқасаңыз, оны көлеңкеге шығарып, үстіне су құйып немесе суық компресс жасап, су беріп, міндетті түрде жедел жәрдем шақыру қажет", – деді дәрігер.

Синоптиктердің болжамы бойынша, бүгіннен бастап еліміздің оңтүстік-шығысында күн салқындайды, жаңбыр жаууы мүмкін.


Түркістандықтар аптап ыстықтан малдың жаппай қырылып жатқанын айтты


Павлодар мен Екібастұзда қатты желден ағаштар құлап, тұрғындар жарықсыз қалды (видео)


Еске салайық, бұған дейін маман ыстық күні тәтті сусын ішудің қаупі туралы ескертті. Росбиотех университетінің ашытқы өндірісі және шарап жасау кафедрасының профессоры Марина Мойсеяк ыстық ауа райында тәтті сусындарды тұтыну қауіпті болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай сусындар қандағы глюкоза деңгейінің күрт жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Айым Атамбаева
Жұма, 20 Маусым, 2025 10:09
Талқылау