Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар жағажайларға кіру үшін ақы төлеуі керек пе – Министрлік жауап берді

су айдынына кіру үшін ақы төлеу керек пеФото: pixabay.com

Су ресурстары және ирригация министрлігі қазақстандықтар жағажайларға кіру үшін ақы төлеуге міндетті ме, деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Су кодексіне сәйкес, азаматтар су жағалауларына еркін кіре алады. Жеке және заңды тұлғалар су объектілеріне кіруді шектей алмайды. Суды жалпы пайдалану үшін арнайы рұқсат қажет емес екен. 

Қазақстандықтар келесі мақсаттарда су айдындарын еркін пайдалана алады:  

– шомылу, демалу және туризммен айналысу;

– балық аулау (әуесқойлық немесе спорттық форматта, торсыз, моторлы қайықтар мен өзге техникасыз);

–  жайылымдық жерлерде мал суару.

Сонымен қатар заңда қарастырылмаса, кәсіпкерлерге қоршау, күзет немесе басқа да шектеулер орнатуға тыйым салынады. Сондай-ақ демалушылар су айдындарында көлік жумауы, жанар-жағармай сақтамауы және аумақты ластамауы тиіс. 



“Суды коммерциялық мақсатта арнайы рұқсатсыз пайдалануға болмайды. Мысалы, ақылы жағажай немесе демалыс базасын ұйымдастыру кәсіпкерлік қызмет саналады. Ал оған тиісті рұқсат қажет”, – делінген хабарламада. 

Жергілікті атқарушы органдардың ресми түрде бекітуімен ұйымдастырылған жағажайларға ғана ерекшелік беріледі. Мұндай аумақтарда қазақстандықтардан ақы алынуы мүмкін. Алайда судың жанына өткені үшін (жағажайға кіру үшін) ақы алу заңсыз.

Айта кетейік, бұған дейін Тобыл жағалауында қараусыз қалған жағажай қостанайлықтардың ашуын тудырғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 17:18
Талқылау