Қазақстандықтар туған әкесі зорлаған қыздың анасына пәтер алып берді
Қазақстандықтар сұмдық оқиғадан кейін қиын жағдайға тап болған отбасына пәтер алу үшін қаражат жинап берді. Туған әкесі он екі жасар қызын зорлаған. Елдің жағасын ұстатқан жаңалық жарыққа шыққаннан кейінгі жиналған қаржы үш бөлмелі пәтер мен жиһаз алуға септігін тигізген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
37 жастағы алматылық әйел қуанышын жасыра алмады. Мұндай пәтер аламын деп мүлдем ойламағанын айтады. Кішкентай бөлмелі үйге көзі үйреніп қалған ол қазір хан сарайындай үйде тұрады. Тұрғын үйге қаражатты меценаттар мен қамқор жандар жинап берген.
"Мен тіпті қуанышымды қалай жеткізерімді білмеймін. Балаларыммен бірге тар үйден құтылғым ғана келді. Алайда мынандай үлкен үй сыйлайды деп ойлаған да жоқпын. Су, жарық, жылу – барлығы бар. Бізге көмектескен адамдардың барлығына үлкен алғысымды айтамын. Балалар да қуанып жүр", – дейді Алматы қаласының тұрғыны.
- "8 миллион теңге берді, бірақ бұл ақша емес": Зорланған қыздың анасы күдіктілерден не себепті қаражат алған
- Қарағандыда педофил жарты жылдан астам уақыт өгей қызын зорлаған
Отбасы оқиғасы бұған дейін айтылған. Күйеуі өз қызын қорлағаннан кейін отбасы қиын жағдайда қалған. Ер адамды түрмеге тоғытқанымен, артында қарыздары қалып қойған. Осы себепті әйел түр-әлпетін көрсеткісі келмейді. Болған жағдай көпшіліктің құлағына шалынғаннан кейін, халық қаражат жинай бастаған.
Жайлы пәтерді отбасына жиһазбен бірге табыстаған. Тұрғын үйдің құны жиырма бес миллион теңге. Қалған қаражатты еріктілер бұрынғы күйеуінен қалған қарыздарды жабуға көмектескен. Үлкен қиыншылықтан кейін бақытқа қол жеткізген отбасы тіркеу қағазын алып, қоныс тойын тойлауға дайындықты бастап кеткен.