Қазақстандықтар шоттарынан ақша жоғалды деп шағымданып жатыр: Ұлттық банк өкілі мұны тек "қауесет" деп ойлайды
Фото: primeminister.kz
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандықтардың шоттарынан ақша жоғалып жатыр деген ақпаратты "өсек" деп ойлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер брифинг барысында әлеуметтік желілерде азаматтардың мобильді қосымшаларынан немесе карталарынан ақшаның түсініксіз түрде жоғалып жатқанын айтып, сұрақ қойды.
"Тексерулер жүргізілді ме? Мүмкін, екінші деңгейлі банктердің жүйесінде қандай да бір ақау анықталды ма?" – деп сұрады журналистер.
Берік Шолпанқұлов бұл ақпараттың шындыққа жанасатынына күмән келтірді.
"Мұндай жағдайлардың орын алуы екіталай. Ақша өздігінен жоғалып кетуі мүмкін емес. Егер техникалық ақаулар болса, банк ол үшін жауапкершілік алып, қаражатты қалпына келтіреді. Барлық мәлімет архивте сақталады, деректер бар және техникалық ақау кезінде бәрі қалпына келеді. Тіпті алаяқтық әрекеттер болса да, банк тарапынан клиенттерді қорғау үшін шаралар қолданады. Ал мұндай жағдайлар жаппай бір мезетте болып жатыр деу – жай ғана қауесет деп ойлаймын", – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желі қолданушылары жиі шағымданып жүрген “екінші деңгейлі банктердің қарызды кешіктірген клиенттердің шоттарын бұғаттау” жағдайларына да жеке түсініктеме берді.
"Мұндай әрекеттер келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес болады. Азамат төлем мерзімін өткізіп алса, банк берешекті өтеу үшін шот бойынша операцияларды уақытша тоқтатады. Алайда толық бұғаттау болмайды. Адамның күнделікті өмір сүруіне қажет қаражат қолжетімді болып қалуға тиіс", – деп түсіндірді Шолпанқұлов.
Сондай-ақ ол сенатта осындай мәселелерді реттеу тәртібіне қатысты бастамалар қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар әр клиент шарт талаптарын орындауға және мүмкіндігі болған жағдайда тиісті рәсімдерден өтуге міндетті. Бұл үшін уәкілетті органдар жұмыс істейді.
Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық есепшотына түскен 300 мың теңгеге жуық ақшасы белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ тағы бір Көкшетаудың 24 жастағы тұрғынның мобильді қосымшасынан 600 доллардай қаражат жоғалып кеткен. Кейін ақшаның Оңтүстік Африкаға аударылғаны анықталған.

"Виньеткаға 3 түрлі киім алып, биші жалдаймыз": Қазақстандық түлектердің ата-аналары бітіру кешіне қанша ақша жұмсағанын айтты
