Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар самокаттарды жалға беруге тыйым салуды сұрап петиция жариялады

Фото: istockphoto.com

Қазақстандықтар самокаттарды жалға беруге тыйым салуды сұрап петиция жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Петициялар арналған Epetition.kz сайтында "Самокаттарды қауіпті жалға беруге тыйым салу" деген атаумен петиция пайда болды. 

Петиция авторы самокаттардың жаппай жаяу жүргіншілер жолына қойылатынын, бұл жаяу жүргіншілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және қарт адамдарға кедергі келтіретінін атап өтті. Сондай-ақ заң бойынша да бұл әрекет жол қозғалысы ережесін бұзу болып саналады. 

"Самокаттарды жалға беру іс жүзінде жаяу жүргіншілер жолында (мемлекеттік/коммуналдық меншік) ешқандай рұқсатсыз жүзеге асырылып отыр. Самокаттарды орналастыруға жауапкершілікті жалға алушылар емес, компаниялардың өздері арқалауы тиіс. Самокаттардың ішінде GPS орнатылған. Яғни компаниялар пайдаланушы көлікті қайда және қалай қалдырғанын нақты біліп отырады. Алайда ешқандай жаппай санкциялар, бұғаттаулар немесе автоматты айыппұлдар қолданылмайды. Себебі самокаттар көзге түсетін жерде тұрса, оларды жалға алу ықтималдығы да жоғары болады", – делінген петиция мәтінінде. 

Сондай-ақ петицияда электрлі самокаттардың тіркеуі де, техникалық бақылауы да жоқ екені, ереже бұзғаны үшін бар болғаны ескерту түріндегі жаза қолданылатыны айтылған. Петиция авторы белгіленген ресми 6 км/сағ жылдамдық шектеуін ешкім қадағаламайтынын, самокаттар 25 км/сағ дейін жылдамдықпен жүріп, ересектер мен балаларды қағып, жол-көлік оқиғаларына себеп болып жатқанын айтады. 


Қазақстанда Jet, Yandex, Woosh, Bolt және EOM самокат компанияларына ультиматум қойылды

Ішкі істер министрлігі самокатшылар үшін кикшеринг компаниялардың басшылары жауапқа тартылатынын ескертті


Петицияда электрлі самокаттарды кәмелетке толмағандардың жиі пайдаланытыны туралы мәселе де көтерілген. 

"Аккаунт ресми түрде ересек адамның атына тіркелуі мүмкін, бірақ самокатты жасөспірім мініп жүреді. Пайдаланушылар көп болған сайын, табыс та артады. Компаниялар өз пайдасын шектей отырып, заңбұзушылықтарды жояды деп ойлау – аңғалдық", – делінген петицияда.

Петиция авторы барлық электрлі самокаттар мен басқа да мобильді көлік құралдарының жылдамдығын елді мекендер ішінде электронды-механикалық жолмен 6–8 км/сағ шегінде шектеуді ұсынады. Сондай-ақ самокат жалдау қызметін көрсететін компанияларды арнайы алаңдар үшін жер телімін сатып алуға немесе жалға алуға міндеттеп, кәсібін тек сол аумақтарда жүргізуді талап ету қажет деп санайды.

"Самокат мінушілердің жол қозғалысы ережесін сақтауын мемлекеттік деңгейде бақылау керек (камера, радар және т.б. орнату), GPS деректерін нақты уақыт режимінде қадағалап, ереже бұзушыларды бұғаттау мүмкіндігін енгізу қажет. Немесе электрлі самокаттарды жалға беруге мүлде тыйым салу керек", – дейді петиция авторы. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда самокат мінген екі жасөспірім сәби отырған бесік арбаны қағып кеткен еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 18:55
Талқылау