"Қазақстандықтар Ресейдің шектеуіне жаппай іліге бастады": депутат жүргізушілерге төнген қауіп туралы айтты
Фото: istockphoto.com
Қазақстандық халықаралық автотасымалдаумен айналысатын компаниялар Ресей енгізген жаңа шектеулерге жаппай ілігіп жатыр. Жаңа визалық ережелер ондаған мың жүргізуші мен көлік компанияларының жұмысына қауіп төндіріп отыр. Мұны мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
115-ФЗ Федералдық заңына енгізілген түзетулерге сәйкес, (2024 жылдың 8 тамызындағы редакцияға сай) визасыз кіретін елдердің азаматтарына Ресей аумағында жылына 90 күннен артық болуға тыйым салынды.
"Бұл норма халықаралық автотасымалдардың ерекшелігін ескермейді. Біздің жүргізушілер басқа елдің аумағында жеке істерімен емес, еңбек міндеттерін орындау мақсатымен жүреді. Алайда жаңа талаптар оларды ресейлік заңнаманы бұзушылар қатарына қосып отыр", – деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, көптеген жүргізуші қазірдің өзінде осындай жағдайға тап болған. Ресей мен Беларусь аумағында болу уақыты қосылып есептелетіндіктен, тіпті Беларусь арқылы транзит жасаған күннің өзінде бұл уақыт Ресейде болу мерзіміне қосылады.
Еуроодақпен шектесетін Одақтас мемлекеттердің шекарасында, сондай-ақ Қазақстан-Ресей шекарасында көпкүндік кезектер пайда болып, жағдайды одан сайын ушықтырып отыр. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдердің жүргізушілері бірнеше тәулік бойы рұқсат рәсімдеуді күтуге мәжбүр және бұл уақыт жалпы 90 күндік лимитке кіреді.
"Осы себепті мен ЕАЭО аясындағы интеграция және өзара іс-қимыл мәселелеріне жауапты ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Макашұлы Жұманғариннің атына ресми өтініш жолдадым. Сонымен қатар бұл жағдай туралы Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне де хабар берілді. Мақсат – алдын ала әрекет ету механизмін әзірлеп, біздің тасымалдаушыларымызды қорғау", – деп жазды Болатбек Әлиев.
Үндеу жасаушылардың айтуынша, мәселе теориялық деңгейден практикалық сипатқа көшкен. Қазақстандық тасымалдаушылар Ресей мен Беларусь арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігінен айрылып жатыр. Егер шектеулер сақталатын болса, қозғалыстағы көлік құралдарының тапшылығы пайда болып, шығын артады, қазақстандық компанияларды ресейлік және беларусьтік бәсекелестер нарықтан ығыстырып шығарады.
Қазақстанда шетелдік жүргізушілерге неғұрлым жеңіл режим қарастырылған. 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 үкімет қаулысының 6-тармағына сәйкес, 90/180 күндік мерзім шектеуі халықаралық және транзиттік жүк пен жолаушы тасымалдаушыларға қолданылмайды.
"Қазақстан шетелдік тасымалдаушыларды мұндай талаптардан босатып, тұрақты әрі қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз етуде. Бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейіне шығарып, елдер арасындағы серіктестік диалог аясында қарастыру қажет деп санаймын. Біздің тасымалдаушылар келісілмеген шешімдердің құрбаны болмауы тиіс", – деп қорытындылады депутат Болатбек Әлиев.
Бұған дейін Көлік министрлігі Қазақстан–Ресей шекарасындағы ұзын-сонар кезектер Ресей тарапынан бақылаудың күшеюімен байланысты екенін хабарлаған еді. Министрліктің мәліметінше, ресейлік қызметтер жүктің құжаттарын егжей-тегжейлі тексеруді күшейткен, көліктерді тексеруге кететін уақытты ұзартқан, қосымша санитарлық және фитосанитарлық талаптар енгізген.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
