Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар Pfizer вакцинасын шетелге барып салғызып жатыр

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасын салдырту ересектер үшін қанша теңге болатынын, оны өңірлерге қалай жеткізетініне бас қатырып жүргенде біраз отандасымыз алыс-жақын шетелден "Пфайзер" салдырып келді. Әсіресе, көршілес Қырғызстанға барып, вакцинаны тегін алып жатқандар жетерлік. Вакцинаның тегін болуы себебі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "кедей" деп таныған мемлекеттерге Pfizer-ді тегін жеткізуі. Сәйкесінше, азаматтарға да екпе салдыру ақысыз. Ал біздің денсаулық сақтау министрлігіндегілер қазақстандықтарға Pfizer екпесін ақылы түрде қалай салудың жолын әзірге нақтылаған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Бір ай бұрын іссапармен Тбилисиге барған алматылық журналист Әсем Жапишева Sputnik V-дің екі дозасын алса да, Pfizer-ді Грузия астанасында тегін салғызыпты. Америкалық вакцинаның денсаулығына кері әсері болмаған. 

“Наурызда Sputnik V вакцинасын салдырғанмын, енді міне бір жылдай уақыт болып қалды, Pfizer-ді салдыруға бола ма деп сұрадым. Салуға рұқсат берді. Бұл вакцинаны салдыруымның себебі бұл жерде мен бір ай жүргеннен кейін біраз қорықтым. Екіншіден, бірінші желтоқсаннан бастап Грузияда екпе алмағандарға ешқайда баруға болмайды!” – дейді журналист Әсем Жапишева.

Кез келген шетелдік екпені әлемнің барлық мемлекетінен салдыруға болады. Жауаптылар ең бастысы анықтама қағазын әкеліп, емханаға тіркетсе болды дейді. 

“Мәселен біздің Қазақстан азаматы шетелден кез келген вакцинаның бірінші, екінші дозасын алса, анықтамасын алып келеді. Анықтамасында штрих коды бар. Қазақстанға келген кезде сол анықтамасы мен өзінің төлқұжатын кез келген медициналық мекемеге барып, көрсетіп, біздің дәрігерлер оны тексеріп, базаға кіргізеді”, – дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің кедей деп танылған 139 еліне қайырымдылық мақсатында 230 миллионнан астам вакцинаны тегін таратқан. Ол тізіміде Қазақстан жоқ. Мысалы, көршілес Қырғызстанға өткен айдың соңында қайырымдылықпен Pfizer-дің 259 мың 740 дозасы жеткізілді. Оны сол елдің азаматтары да, туристері де тегін салғызуға құқылы. Қазірдің өзінде Қырғызстанға америкалық екпені салдыруға арнайы барып жатқан қазақстандықтар көбейген. Ал Pfizer елімізде әзірге тек жүкті әйелдер мен жасөспірімдерге тегін салынып жатыр. Келер жылдан бастап ересектер ақылы түрде салғыза алады. Алайда жауаптылар оның нақты алгоритмін әлі бекітпеген.    

Талқылау