"MyTaxi" таксопаркіне инвестиция құйған қазақстандықтар 4 миллиард теңгеге алданып қалған
Қазақстандықтар әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, таксопаркке инвестиция салған. Белгілі блогерлердің атынан жарияланған хабарландыруда кез келген адам миллион теңгеден бастап қаржы құйып, инвестор бола алады делінген. Алайда салым сомасы 4 миллиардтан асқан кезде компания қызметкерлері байланысқа шықпай қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлнұр Топарова баспана алуды армандаған. Тезірек ақша жинау үшін инвестициямен айналысуды жөн көрген. Әлеуметтік желіден таксопарктің жарнамасын көргенде сеніп қалыпты. Компания жаңа көлік сатып алу үшін қаржы құюды ұсынып, табыс табуға уәде еткен. Ең аз дегенде миллион теңге салу қажет болған. Гүлнұр он есе артық қаржы құйған. Алғашқы екі жыл бойы бәрі жақсы жүріп, дивиденд алып отырғанымен, төлемдер кенеттен тоқтап қалыпты.
"250 мың теңгені ай сайын бір жыл сегіз ай бойы алып тұрдым. Ал келісімшарт мерзімі біткен соң, менің 10 миллион теңгем қайтарылуы тиіс еді. Бірақ мамыр айынан бері ештеңе төленбеді. Компания иесі мүлде байланысқа шықпай қойды. Бұл менің бүкіл жоспарымды күйретті. Мен көмек сұраймын. Алаяқтық жасағандардың барлығын, әсіресе "MyTaxi" ЖШС-ны жауапқа тартуларыңызды өтінемін", – деді Топарова.
Алданған салымшылардың айтуынша, бастапқыда бәрі заңды көрінген. Компанияның елдің түкпір-түкпірінде кеңселері болып, клиенттермен келісімшарт жасасып, чектер берген. Бұған қоса, бизнесті блогерлер жарнамалаған. Тіпті, негізін қалаушысы да жасырынбай, бет-жүзін көрсеткен.
"Компанияны әрі қарай дамытып, автопаркті ұлғайту үшін жеке инвесторларды тартамыз. Сіз көлік сатып алуға ақша саласыз. Ал ай сайын ешқандай басқару ісіне қатыспай-ақ, инвестициялық табыс аласыз", – деген олар.
Ақыр соңында 400-ден астам қазақстандық бұл жобаға сеніп, қаражат құйған. Бірақ компанияның алаяқтық әрекет жасағаны бірден белгілі болмаған. Төлемдерді бір сәтте тоқтатып, Алматы мен Астанадағы кеңселерін жауып тастаған. Зардап шеккендер шығын көлемі шамамен 4 миллиард теңге болғанын айтты. Олардың айтуынша, соған қарамастан компания әлеуметтік желілерде әлі де жұмысын жалғастырып отыр.
"MyTaxi" бүкіл Қазақстанда жұмыс істеді. Қазір барлық кеңселері жабылды, тек Қызылордада ғана мопедтерді жалға беріп жатыр екен. Сол жерді біз жақында байқадық. Дәл осы компания – "MyTaxi". Ерлан жаңа "DriveOn" деген ЖШС ашып, адамдарды қайтадан инвестиция салуға шақырып жүр. Ол халықты алдады және әлі де соны жасап жатыр", – деді Тәңірберген Қалдыбай.
Инвестор атанбақ болғандар полицияға жүгінді. Алайда компания басшысын таба алмай отыр.
Ақша құйып алданғандардың айтуынша, кәсіпкер қашып кеткен. Құқық қорғау органдары әзірге жағдайға түсініктеме берген жоқ. Алданған адамдар кәсіпкерге іздеу жариялап, өз миллиондарын қайтарып беруді талап етіп жатыр.

"Декретке миллионмен" дауы: Курстың негізін қалаған депутат Дәулет Мұқаевқа тексеріс жүргізіле ме?
