Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстандықтар мемлекеттен 1,5 миллион теңге қайтарымсыз көмек ала алады

Фото: depositphotos.com

2025 жылдың 21 мамырынан бастап Қазақстанда жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған гранттар бойынша бірінші легіне өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өтінімді Business.enbek.kz порталында беруге болады. Бірінші лек аясында еліміз бойынша 4,5 мың грант беру жоспарлануда.

Гранттар өтеусіз негізде беріледі және қаражат жаңа бизнесті бастау мен дамытуға жұмсалуы тиіс. Грант мөлшері – 400 АЕК, яғни 1 572 800 теңге. Әрбір қатысушы бұл грантты тек бір рет қана ала алады.

"Грант жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге өз бизнес-әлеуетін жүзеге асыруға, өндірісті жолға қойып, дамытуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрақты табыс көзімен қамтылуға септігін тигізеді", – делінген министрлік хабарламасында. 

Өтінім беру үшін:

- порталға тіркелу;

- грант алу талаптарына сәйкестікті тексеруден өту;

- бизнес-жоспардың үлгісін жүктеп алып, оны толтырып, порталға жүктеу;

- өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Егер интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаса, өтінімді жұмыспен қамту орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беруге болады.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған грантты келесі тұлғалар ала алады:

- тіркелген жұмыссыздар;

- жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне 3 жылдан аспауы тиіс).

Сонымен қатар үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы қажет:

- мүгедектігі бар адамдар;

- "қандас" мәртебесі бар азаматтар;

- өңіраралық қоныс аударушылар;

- аз қамтамасыз етілген отбасылардың мүшелері;

- көпбалалы отбасылардың мүшелері (жұбайы/зайыбы);

- мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-ана (жұбайы/зайыбы);

- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Сондай-ақ үміткер "Бастау Бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткен болуы керек. Сертификаттың мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс.

Гранттар үміткерлердің өтінімдерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссия шешімінің негізінде беріледі.

"Үміткерлер өз бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Әрбір комиссия мүшесі бизнес-жоспарды мынадай өлшемдер бойынша бағалап, арнайы бағалау парағын толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының зерттелу деңгейі, жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік қабілеттері және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі", – делінген министрлік хабарламасында. 

Комиссия шешімі үміткердің жеке кабинетіне портал арқылы жолданады.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар орта есеппен айына 423 мың теңге жалақы алатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 19:11
Талқылау