Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар құқық қорғау жүйесіне сенеді, шудың бәрін көтеретін журналистер – Депутат

Сенат депутаты Марат Қожаев халықтың құқық қорғау жүйесіне сенетінін, ел арасында шу шығарып, даурықтыратын журналистер екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан  скрин

Мәжіліс алаңында тілші депутат Марат Қожаевтан 6 ай бойы сексуалдық құлдықта ұстаған қызылордалық оқушының ісі қалай жүріп жатқанын сұрады. БАҚ өкілі істің құпиялығына байланысты қоғам кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп қорқатынын жеткізді.

“Қоғамда ондай қорқыныш жоқ. Ақпараттық ресурстағы жағдайды даурықтырып жатқан сіздер, журналистер. Халықтың басым көпшілігі еліміздің құқықтық жүйесіне сенеді деп ойлаймын. Журналистер “шу көтерсек іс мұқият қаралады” деп ойлайды”, – дейді Марат Қожаев.

Алайда депутат мұның бекершілік екенін айтты.

“Сотта тек процессуалды дәлелдер ғана қаралады. Сіздердің әлеуметтік желіде даурығып, шу көтергендеріңіз ескерілмейді. Айғақтар расталған жағдайда кінәлі адам өзіне лайықты жазасын алады”, – дейді депутат.

Марат Қожаев Талғардағы 16 жастағы жасөспірімнің жантүршігерлік өліміне қатысты Қазақстанда қылмыс өршуі туралы сұраққа жауап берді. Депутат статистикаға жүгінуге кеңес береді.

“Сіз қала көшелерінде тәуліктің кез келген уақытында серуендей аласыз, кез келген қоғамдық орындарды аралайсыз. Сіздер біржерде шектен тыс тәртіпсіздік болғанын байқадыңыздар ма?” – деді Марат Қожаев сұраққа сұрақпен жауап беріп.

Бұған дейін депутат Қазақстанда қылмыс жасағандарға заң онсыз да қатал екенін айтқан еді.

Талқылау