Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар коммуналдық қызметтердің күрт қымбаттағанына шағымдануда: Министрлік мәлімдеме жасады

Фото: depositphotos.com

Астана мен Алматы тұрғындары коммуналдық қызметтер үшін төлемақы көлемінің артқанын айтып, дабыл қағуда. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары түбіртектерін жариялап, тарифтердің өсуіне наразылық блдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған жағдайға қатысты ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті түсініктеме берді.

Комитеттің мәлімтеніше, қазір реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеруге мораторий енгізілген. Бұл ретте реттелетін коммуналдық қызметтерге: электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жатады. Аталған кезеңде табиғи монополияларды реттеу комитеті мен оның аумақтық департаменттері тарифтерді қайта қарау мен арттыруды жүргізбеген.

“2025 жылдың желтоқсаны және 2026 жылдың қаңтар айлары үшін жылумен жабдықтау қызметтері бойынша есептеулер үйдің жалпы жылу энергиясын есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес пәтерлердің алаңына пропорционалды түрде бөлінді. Жүргізілген тексеру нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар айындағы төлем құжаттарында сомалардың ұлғаюы жылыту кезеңінде жылу энергиясын нақты тұтынудың артуына байланысты екені анықталды”, – делінген хабарламада. 

Комитет тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне байланысты екенін атап өтті. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады дейді комитет өкілді. 

“Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласы бойынша орташа айлық температура -8 °C болса, ағымдағы жылдың қаңтар айында -14,3 °C құрады. Бұл жылу энергиясын тұтынудың артуына және соның нәтижесінде төлем құжаттарында сомалардың өзгеруіне әсер етті. Электр энергиясы, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері бойынша есептеулер есепке алу құралдарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіледі. Тұтынушылар көрсеткіштерді уақтылы тапсырған жағдайда есептеу нақты тұтынылған көлем бойынша жүзеге асырылады”, – делінген комитет хабарламасында. 

Қазақстанда азық-түлік, пәтер жалдау және коммуналдық қызметтерге ваучерлер берілмек

Қазақстандағы үш өңірдің басшылары коммуналдық қызметке бөлінген 1 триллион теңгені талан-таражға салған


Сондай-ақ комитет реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтері қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмай бекітілетінін атап өтті. Қызмет нақты көрсетілген кезде ҚҚС салық заңнамасына сәйкес төлем құжаттарына енгізіледі және төлеуге жататын соңғы сомаға әсер етеді.

“Орташа алғанда түбіртектердегі сомалардың ұлғаюы шамамен 3–4% құрайды және бұл тарифтердің өсуі болып табылмайды”, – делінген хабарламада. 

Комитет мысал ретінде егер уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша сумен жабдықтау қызметінің 5 текше метріне есептеулер сомасы 500 теңгені құраса, онда 12% ҚҚС мөлшерлеме кезінде салық сомасы 60 теңгені, төлемнің қорытынды сомасы – 560 теңгені құрайтынын мәлімдеді. Ал ҚҚС мөлшерлемесі 16% болған кезде салық сомасы 80 теңгені, ал төлеуге жататын жиынтық сома – 580 теңгені құрайды.

“Сонымен қатар, төлем түбіртектері, әдетте, тек реттелетін коммуналдық қызметтерді ғана емес (электр, жылу, су және су бұру), сондай-ақ бәсекелі ортада көрсетілетін өзге де қызметтерді қамтиды. Олардың ішінде телекоммуникациялық қызметтер, лифт шаруашылығын қызмет көрсету, ортақ мүлікті басқару және күтіп ұстау (ОСИ/КСК), сондай-ақ өзге де қосымша қызметтер бар. Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы тек коммуналдық ресурстарды нақты тұтыну көлемімен және салық құрамдасымен ғана емес, сонымен бірге аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін”, – делінген ресми мәлімдемеде. 

Комитет тұтынушыларға толық түсіндірме алу және есептеулерді салыстыру үшін алдымен тиісті қызмет бойынша төлемді есептейтін табиғи монополия субъектісіне жүгінуді ұсынды.

Егер мәселе шешілмеген жағдайда немесе ұсынылған түсіндірмелермен келіспеген жағдайда, тұтынушы тиісті өңір бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаментіне немесе "е-Otinish"  платформасы арқылы шағымдануға құқылы.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда қай коммуналдық қызметтер бойынша баға көтеруге мораторий енгізілген еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 22:16