Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар көбірек жәрдемақы алу үшін Алматы мен Астанаға көшуде - экономика министрі

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазақстандықтар көбірек жеңілдік пен жәрдемақы алу үшін Астана мен Алматыға көшетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скрин

Министр бұл туралы YouTube-тағы Taldau Talks подкастында мәлімдеді.

"Бізде әр өңір азаматтарына жасалатын әлеуметтік төлемдердің саны, түрлері және мөлшері бойынша айтарлықтай айырмашылық бар. Қызығы, бұл ел ішіндегі көші-қонның басты себептерінің бірі. Мысалы Алматы облысының тұрғыны болғанға қарағанда, алматылық болған әлдеқайда тиімді. Өйткені бірдей қызметтер үшін көбірек төлем аласың. Астаналық болу да өте тиімді", – деді Жұманғарин.

Министр өңірлер арасында әлеуметтік қызметтердің теңдей бөлінбейтінін атап өтіп, осындай жағдайларға мысал келтірді.

"Екі әйел екі түрлі қалаларда тұрады. Бірі бала тууына байланысты 200 мың теңгеден сәл асатын жәрдемақы алса, екіншісі бірнеше компанияға тіркеліп, барлық жерде ең жоғары көрсеткішпен (жеті ең төменгі жалақы) салық төлеп, 11 миллион теңге алған. Мұндай істермен қазір құқық қорғау органдары айналысып жатыр”, – дейді министр. 

Министр тағы бір мысал ретінде 34 баласы бар балалар үйінде 214 адамның жұмыс істейтінін айтты. Оның пікірінше, қазіргі әлеуметтік төлемдер жүйесі кедейлер мен мүгедектігі бар адамдар санының артуына әкеліп соқтырады.

"Біз жасап отырған жүйе, біріншіден, стагнацияға, екіншіден, кедейлікке әкеледі, және одан да маңыздысы – көптеген адамдардың мүгедектік алуына себеп болуы мүмкін. Өйткені мемлекеттік атаулы көмек кейбір бағыттар бойынша мүлдем тиімсіз. Көмек нақты мұқтаж жандарға бағытталуы керек, ал біздің міндетіміз – нағыз мұқтаждарды анықтап, оларға тиісті көмекті көрсету. Сонда ғана біз бұл жүйеден нақты нәтиже ала аламыз", – дейді Жұманғарин.

Подкаст жүргізушісі, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ұлттық экономика министрінің пікірімен толықтай келіспейтінін айтты. Ол келтірілген мысалдардың жеке жағдайлар екенін айтып, оларды барлық әлеуметтік көмек алушыларға қатысты жалпылама түрде қолдануға болмайтынын мәлімдеді.

"Біз өз азаматтарымызға тым көп төлем жасап жатырмыз деп айтуға болмайды. Біз қазір мемлекетіміздің қаржылық мүмкіндіктеріне сай төлем жасаймыз. Әрине, заң бұзушылықтар бар. Оларды тексеру қажет. Ал мемлекеттік органдардың шығындары, әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы қызметтер, әлеуметтік нысандардың құрылысына байланысты мәселелер – осы тұстарды оңтайландыру қажет. Бұл жерде менің ойымша, үлкен жұмыс бар", – деді Әшімбаев.

Талқылау