Тұрғындар қымбат таксиге шағымданып жатыр: Қазақстанда "Яндекс.Такси" комиссиясын шектеу ұсынылды
Мәжілісте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов Қазақстанда такси бағасын көтеру мәселесі қалай шешілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Ол "Яндекс.Такси" қызметінің нарықтағы үлесі Астана мен Алматыда ғана емес, бүкіл ел көлемінде 90% екенін айтты.
"Оның позициясы жыл сайын нығайып келеді. Қазіргі уақытта ол нарықтың басым көпшілігін бақылайды. Біз оның жұмысын үнемі қадағалап, деректерді талдап, өзгерістер динамикасын бақылап отырамыз. 2024 жылы шетелдік мамандарды тартып, аудит жүргізіп, тәуелсіз тексерулер ұйымдастырдық. Қызметтің автоматтандырылған алгоритмдері көптеген факторларды – орналасқан жерді, ауа райы жағдайын және басқа да параметрлерді ескереді. Соның арқасында сапар құны динамикалық түрде өзгереді", – деді Болат Сәмбетов.
Ол агенттік үнемі компания өкілдерімен кездесіп, жағдайды талқылайтынын айтты.
"Бұл нарық монополист пен тұтынушылары бар классикалық үлгіден ерекшеленеді. Мұнда қызметтен бөлек 200 мыңға жуық жүргізуші тартылған, олар да бағаға әсер етеді. Қазір жағдайды зерттеп жатырмыз. Түпкілікті қорытынды жасай алмаймыз. Жақында Мәжілісте осы мәселені талқыладық. Мұндай қызметтердің шекті тарифтерін белгілеу туралы ұсыныс болды", – деді ол.
Оның айтуынша, Яндекс.Такси әр сапардан шамамен 16% комиссия ұстаса, тағы 4% такси компанияларына түседі.
"Кейбірі бұл комиссияны қысқартуға болады деп ойлайды. Бірақ біз нарыққа әсері мен жүргізушілердің табысын ескеруіміз керек. Әртүрлі елдерде әртүрлі тәсілдер қолданылады. Мысалы, Өзбекстанда комиссия пайызы төмен. Біз бұл тәжірибені зерттеп, мүмкін болатын шараларды талқылап жатырмыз. Бұрын комиссия 13 пайыз болса, қазір 16 пайыз. Мұның қаншалықты дұрыс екенін бағалау керек. Жағдайды талдап. жақын арада тиісті шешім қабылдаймыз", – деді Сәмбетов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды қатаңдату ұсынылғаны туралы жазған едік.