Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар келесі жылы жалпыға бірдей декларацияны тапсырмайды: Бұл кімдерге қатысты болмақ

Қазақстандықтар келесі жылы декларация тапсырудан босатылатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылы декларация тапсыруға тиіс 8 миллион адамды активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырудан босатуды ұсынды.

Оның айтуынша, жеңілдік жеке құрылымдардың қызметкерлерін, зейнеткерлерді, үй шаруасындағы әйелдерді, студенттерді және басқа да азаматтарды қоса алғанда, жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамына қатысты болады.

Үкімет отырысында Олжас Бектенов бұл ойды қолдады.

"Қаржы министрінің қалған санаттағы азаматтарды 2025 жылы мүлкі туралы декларацияны міндетті түрде тапсырудан босату туралы ұсынысын қолдаймын", – деді премьер-министр.

Дегенмен қазақстандықтардың мына санаты үшін декларацияны сақтау ұсынылады: 

  • Қазақстаннан тыс жерде мүлкі барлар; 
  • жыл ішінде 20 мың АЕК-ден астам сомаға (74 милион теңге) сатып алулар жасағандар;
  • салық салынатын табысы барлар. 

Айта кетейік, жаппай декларацияны алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар.



2025 жылдың 1 қаңтарында жалпыға бірдей декларацияның соңғы кезеңі басталуы керек еді. Яғни төртінші кезең бойынша 8 миллион адам, оның ішінде студенттер, үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер және басқа санаттар өздерінің кірістері мен мүлкі туралы есеп беруге тиіс болды.

Қаржы министрлігіне тиісті заңнамалық түзетулерді дайындау тапсырылды.

Еске салсақ, бұған дейін бір топ қазақстандық жалпыға бірдей декларацияға қарсы шыққан еді. Петицияға бес жүзге жуық адам қол қойған. Ал құжат елу мыңнан астам қол жиналған жайдайда ғана қаралады делінген.

Талқылау