Қазақстандықтар интернет пен байланыс сапасына жаппай шағымдануда
Фото: istockphotos.com
Қазақстандықтар байланыс сапасының нашарлап, интернет пен әлеуметтік желілердің баяу жұмыс істеп тұрғанын айтып жаппай шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
4 қыркүйек күні Activ/Kcell операторының абоненттері байланыс пен интернетсіз қалған еді. Бүгін желіде “Қазақтелеком” интернеті де өте баяу жұмыс істеп тұрғаны туралы шағымдар пайда болды.
"Интернетке не болды: не мобильді интернет, не Wi-Fi істемейді", "YouTube-қа не болды?"; "VPN көмектесті, бүгін YouTube-ты бұғаттап қойған сияқты", – деп жазды желі қолданушылары.
Алайда "Қазақтелеком" АҚ баспасөз қызметі интернет жұмысында ешқандай ақау жоқ екенін алға тартты.
"Жүргізілген техникалық тексеріс қорытындысы бойынша телекоммуникациялық желінің жұмысында ешқандай ақау анықталған жоқ. Деректерді беру желілері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр", – делінген хабарламада.
Ал цифрлық даму министрлігі YouTube-тың Қазақстанда расымен әдеттегіден баяу жұмыс істеп тұрғанын мойындады. Қазір бұл ақауға не себеп болғаны анықталуда.
YouTube желісіндегі ақаулар Қазақстанмен қатар Ресейде де байқалған.
Downradar сайтының деректеріне сәйкес, YouTube-тағы ақауға қатысты ең көп шағым Астана уақытымен сағат 15:00-де тіркелген. Ең көп шағымданғандар – Астана, Алматы, Петропавл, Мәскеу және Санкт-Петербург тұрғындары.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда Kcell және Activ абоненттері жаппай байланыс пен интернетсіз қалғаны туралы жазған едік.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
