Шетелден тауарға онлайн тапсырыс беру енді қымбаттай түспек
Фото: freepik.com
Еуразиялық экономикалық одақ елдері сыртқы электрондық сауданы реттеу туралы Кеден одағының шартына өзгерістер енгізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілістің пленарлық отырысында қабылданған заңға сәйкес, "электронды сауда операторы" ұғымы және кедендік декларациялаудың жаңа түрі енгізіледі.
"Халықаралық пошта арқылы үшінші елдердің интернет алаңдарынан жеке тұлғаларға жіберілетін тауарлар электронды сауда тауарлары ретінде жеке санатқа бөлінеді. Сондай-ақ "электронды сауда операторы" ұғымы мен электронды сауда декларациясы атты жаңа кедендік декларация түрі енгізіледі", – деді вице-премьер Серік Жұманғарин.
Согдай-ақ тауарларға салық салу тәсілі де өзгереді. Сатып алушыдан қосымша құн салығы сауда-саттықтың кез келген көлемі бойынша сатып алушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес ұсталады. Егер баж салынбайтын шектен (200 еуро) асып кетсе, 5% мөлшерінде импорттық кедендік баж салығы (сатып алушы төлейді) салынады.
Министрдің айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдік интернет сайттарынан сатып алынған тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады. Олар бажсыз әкелу нормалары асып кеткен жағдайда ғана декларацияланады екен.
"Бұл тауарлар сауда айналымына жатпайтындықтан, ресми статистикаға енгізілмейді. Сондықтан шетелдік интернет дүкендер арқылы сатып алынатын тауар көлемін декларациялау олардың толық статистикасын жүргізуге мүмкіндік береді", – деді министр.
Мәжілістің салалық комитетінің қорытындысында, жеке пайдалану үшін әкелінетін тауарлар 200 еуро (120 мың теңгеден аса) немесе 31 келі нормадан асқанда ғана декларацияланатыны айтылған. Енді электронды сауда тауарларының барлық көлемі міндетті түрде декларацияланады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда онлайн саудамен айналысатындар салық төлеушілер тізіміне енгізілетіні туралы жазған едік.

Қазақстандық студенттер оқу ақысының негізсіз қымбаттағанына наразы: ЖОО-лар келесі оқу жылына бағаны қаншаға өсірді
