Қазақстандықтар енді ХҚО қызметкерлерін үйлеріне шақыра алады
Қазақстанда енді халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерін үйіңізге шақыруға болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Gov.kz
“Қазақстандықтар енді мемлекеттік қызметтерді алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бармаса да болады. Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйіңізге шақыратын жаңа қызмет іске қосылды. Маман көрсетілген мекенжай бойынша белгіленген уақытта келе алады. Төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алудан басқа кез келген мемлекеттік қызметтерді енді үйіңізде отырып ала аласыз", – делінген ақпаратта.
Пилоттық жоба Қазақстанның барлық аймағында іске қосылды.
Жер теліміне қатысты алаяқтық: Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкерлері сотталды
ХҚО қызметкерін үйге шақыру үшін мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында "Жеке тұлғалардың үйдегі менеджері” батырмасын басып, қажет ақпаратты толтырсаңыз, жеткілікті. Сондай-ақ 1414 телефонына хабарласу арқылы да қызметкерді үйіңізге шақыра аласыз.
"Мемлекеттік корпорация қызметті жақсарту үшін тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Біз осыған дейін де халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек күтпей қызмет алу тетігін ұсынған едік. Енді орталықтардың қызметкерлері қызмет алушының өзіне барады. Бұл уақыты тығыз адамдар үшін өте ыңғайлы", – деп атап өтті “Азаматтарға арналған үкімет" басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Еске салсақ, осыған дейін енді қазақстандықтардың некесін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері қиятынын жазғанбыз.